Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтарды анықтап, 225 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуын тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қадағалау органының мәліметінше, жүргізілген талдау барысында екі ауданда өрескел заң бұзушылықтар тіркелген.
Атап айтқанда, Жамбыл ауданында экономика және қаржы бөлімі көшелерге орташа жөндеу жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алулар ұйымдастырған. Алайда бұл жұмыстарға қажетті жобалық-сметалық құжаттама болмаған.
Ал Тайынша ауданында білім бөлімі мұғалімдерді медициналық тексеруден өткізуге 13 млн теңге бөлген. Бірақ сатып алу тізіміне Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарында қарастырылмаған қосымша қызметтер енгізілген. Олардың қатарында дерматовенеролог, невропатолог қабылдауы, зертханалық талдаулар және әйелдер қарау кабинеті қызметтері бар.
Прокурорлық ықпал ету актілерінің негізінде аталған сатып алулардың нәтижелері жойылды. Қазіргі уақытта кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту шаралары қабылданып жатыр.
Жалпы, жыл басынан бері прокуратура 17 мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, 225 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол бермеген.