Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз еліміздің барлық өңірлерінде байқаушы ретінде сайлауға тегін қатысуға ниет білдірген 22 мыңнан астам адамды жинадық, пул құрдық. Біздің орталықтың орталық және аймақтық филиалдары барлық байқаушыларды қамтитын 300-ге жуық оқу іс-шараларын өткізді. Оқу кезінде сайлау заңнамасына ерекше көңіл бөлінді. Сайлау учаскелерінде орын алған заңбұзушылықтарды жою және даулы мәселелерді шешу шаралары түсіндірілді, - деді ол.
Оның сөзінше, байқаушылардың басты міндеті – сайлау кезінде азаматтардың өз еркін білдіру бостандығының бұзылуына жол бермеу. Сонымен қатар Төлеген Күнәділов орталық байқаушыларының Президент сайлауына дейін қандай науқандарға қатысқанына тоқталды.
2021 жылы заңды тұлға ретінде Әділет министрлігіне тіркелдік. 2021 жылы шілде айында ең бірінші ауыл әкімдерінің сайлауына, күні кеше өткен референдумға қатыстық. Президент сайлауы біздің үшінші науқанымыз. Бірақ қазір де өңір-өңірлерде ауыл әкімдерін сайлау жүріп жатыр ғой. Онда біздің өңірдегі филиалдарымыз қатысу үстінде, - деді Партиялық емес байқау орталығының төрағасы.