Қазақстанның соңғы жаңалықтары

2029 жылға дейін Қазақстанның энергетика жүйесі қалай дамиды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
28 Қазан 2025, 09:43
431
Бөлісу:
 primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында елдің энергетикалық жүйесінің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын және 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт жаңа генерациялау қуаттарын енгізу жоспары белсенді жүзеге асырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елде 237 энергия көздері бар, олардың 79-ы дәстүрлі генерация көздеріне, ал қалған 158-і жаңартылатын энергия көздеріне жатады. Министрлік тұрақты түрде энергетикалық қауіпсіздікті күшейту, инфрақұрылымды жаңғырту, қуатты кеңейту және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді, - деді Энергетика министрі Үкімет отырысында.

Қазақстанда 2035 жылға дейін энергетикалық сала дамуын қамтамасыз ету жоспары бойынша қосымша 26 ГВт жаңа генерациялау қуаттарын енгізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жаңа қуаттарды енгізу қазіргі станцияларды модернизациялау және жаңа генерациялық құрылғылар салу жолымен жүзеге асырылады.

Былтыр 771 МВт жаңа қуат енгізілген, оның ішінде 608 МВт дәстүрлі және 163 МВт жаңартылатын энергия көздері. Министрлік 2029 жылға дейін 6,6 ГВт жаңа қуаттарды іске қосатын 68 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, - деп айтты ол.

2029 жылға дейінгі жоспар қандай:

  • 2025 жылы 621 МВт қуат енгізілмек, оның 166 МВт дәстүрлі және 9 жаңартылатын энергия нысаны жалпы 455 МВт. Қазіргі таңда 370 МВт енгізілген, оның 216 МВт жаңартылатын энергия көздерінен, ал жыл соңына дейін қосымша 251 МВт қосылады.
  • 2026 жылы шамамен 2 600 МВт қуат қосылады, оның ішінде 8 жаңартылатын энергия нысаны жалпы 174 МВт құрайды.
  • 2027 жылы 1 500 МВт қуат енгізіледі, оның ішінде 13 жаңартылатын энергия нысаны 573 МВт болады.
  • 2028 жылы 2 000 МВт қуат қосылады, оның ішінде 3 жаңартылатын энергия нысаны жалпы 245 МВт құрайды.

Ақкенженов атап өткендей, 2029 жылға қарай елдің экономикалық қажеттілігін толық электр энергиясымен қамтамасыз ету күтіліп отыр. Бұл Қазақстанның энергетикалық жүйесінде артықшылық қалыптастырады және экспорттық потенциалды арттыруға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы