2027 жылға дейін елордада 177 мың жаңа оқу орны пайда болады

19 Қыркүйек 2023, 09:00
821
Бөлісу:
2027 жылға дейін елордада 177 мың жаңа оқу орны пайда болады
Фото: Министрліктің инстаграм парақшасы

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада білім беру инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әсіресе, сапалы білім беру қызметінің қолжетімділігі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, үш ауысымда оқытатын мектептерді жою, қалада жаңа білім ошақтарын салу, жақын қашықтықта балабақшалар желісін кеңейту және педагог кадрларын даярлау мәселелері қаралды.

Үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін биылдың өзінде елордада 11 мектептің, соның ішінде Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 13 600 орындық 10 мектептің құрылысы басталды. 2023-2026 жылдар аралығында екі ауысымда оқытатын барлығы 177 мың орынға арналған 65 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

2027 жылға дейін елордада 177 мың жаңа оқу орны пайда болады

Өскелең ұрпақтың қауіпсіз және жайлы ортада жан-жақты дамуын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Министрлік өз тарапынан негізгі мәселелерді шешу барысында Астана әкімдігіне қолдау көрсетуге дайын. Білім беру инфрақұрылымын дамытумен қатар жоғары білікті кадрларды қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келеміз, – деді Ғани Бейсембаев.

Еске салайық, бұған дейін оқу-ағарту министрі елордадағы бірқатар мектептерді, соның ішінде үш ауысымда оқытатын білім ошақтарын жеке өзі тексерген болатын. Ата-аналар қауымымен кездесулер өткізіп, білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тегін тамақтандыру мен балалар үшін жайлы жағдай ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Елордада барлығы 171 мектеп бар, онда 260 мыңнан астам бала оқиды.

Өзгелердің жаңалығы