2026 жылы да елімізде бірқатар ипотекалық бағдарлама жалғасын табады. Бірақ кез келген бағдарламаға қатысу үшін үй алғысы келетіндер алдын ала дайындық жүргізуі керек. 2026 жылы кімдерге жеңілдетілген несие қолжетімді, қандай бағдарламалар қалады және баспана алу үшін нені қазірден ескеру керек? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
2026 жылы ипотекада не өзгереді?
Homsters.kz-тің ақпаратынша, алдағы жылы ипотека жаппай сұранысқа емес, нақты әлеуметтік және кәсіби санаттарға бағытталады. Мемлекет:
- жинақтың болуына,
- ресми әрі тұрақты табысқа,
- бағдарламалардың әлеуметтік маңыздылығына басымдық береді.
Сондай-ақ банктер пайыздық мөлшерлемені жинақ көлеміне қарай кезең-кезеңімен төмендету тетігін белсенді қолдана бастайды. Сондықтан жеңілдетілген ипотекаға “кездейсоқ” кіру қиындайды, ал ерте дайындық басты шартқа айналады.
“Наурыз” бағдарламасы
2026 жылы данегізгі бағдарламалардың бірі – “Наурыз” ипотекасы. Отбасы банк бұл бағдарламаның кемінде 2031 жылға дейін жалғасатынын растады. Өтінім қабылдау дәстүрлі түрде көктемде басталады деп күтіледі.
Негізгі шарттары:
- пайыздық мөлшерлеме – 9%, әлеуметтік осал санаттар үшін – 7%;
- бастапқы жарна – таза әрленген үйге 10%, қарапайым әрленген үйге 20%;
- қарыздың ең жоғары сомасы –
• Астана мен Алматыда 36 млн теңгеге дейін,
• өңірлерде 30 млн теңгеге дейін; - несие мерзімі – 19 жылға дейін.
Бұл бағдарлама тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы баспана алуды жоспарлаған азаматтарға арналған әмбебап құрал болып қала береді. Қазіргі таңда “Наурыз” бағдарламасын кеңейту, оның ішінде облигацияларға қатысты шектеулерді алып тастау мәселесі талқыланып жатыр.
“Наурыз жұмыскер” – еңбек адамдарына арналған ипотека
“Наурыз жұмыскер” бағдарламасы да 2026 жылы жалғасады. Шарттары стандартты “Наурызбен” бірдей, алайда ол нақты салаларда жұмыс істейтіндерге ғана қолжетімді.
Бағдарламаға мына салалардың қызметкерлері қатыса алады:
- өнеркәсіп,
- көлік және логистика,
- ауыл шаруашылығы,
- энергетика және су ресурстары.
Өтінім қабылдау да 2026 жылдың көктемінде басталады деп күтіліп отыр. Бұл бастама мемлекетке еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
“7-20-25”: лимиттері жаңартылған ипотека
“7-20-25” бағдарламасы 2026 жылы да жұмысын жалғастырады. Тіпті оған қосымша қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Бағдарлама шарттары:
- пайыздық мөлшерлеме – 7%;
- бастапқы жарна – 20%;
- несие мерзімі – 25 жылға дейін;
- ең жоғары қарыз сомасы:
• 30 млн теңге – Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау;
• 25 млн теңге – Қарағанды;
• 20 млн теңге – басқа өңірлер.
Жаңартылған лимиттер бұл бағдарламаны қазіргі нарықтағы баспана бағасына бейімдей түсті.
Әйелдерге арналған “Ұмай” ипотекасы
“Ұмай” әйелдер ипотекасы әлі іске қосылмағанымен, 2026 жылы бағдарламаның басталуы күтіледі. Қаржыландыру мен нақты мерзімдер әзірге нақтыланбаған.
Жоспарланған шарттар:
- пайыздық мөлшерлеме – 14,4%, кейін 3,5–5% дейін төмендеуі мүмкін;
- бастапқы жарна – 15–20%;
- қарыз сомасы – 50 млн теңгеге дейін;
- мерзімі – 25 жылға дейін.
Сарапшылар бұл бағдарламаны тұрақты табысы бар, бірақ өзге жеңілдетілген ипотекаларға қолы жетпейтін әйелдер үшін балама деп бағалайды.
“Жасыл ипотека”: экологиялық баспанаға басымдық
Отбасы банкінің “Жасыл ипотекасы” да 2026 жылы жалғасады. Ол энергия үнемдейтін, экологиялық талаптарға сай тұрғын үйлерді сатып алуға арналған.
Шарттары:
- ең жоғары сома – 50 млн теңгеге дейін;
- бастапқы жарна – 20%, тұрғын үй төлемдерін алушылар үшін 15%;
- мөлшерлеме – 12,5%, жинақ 50%-ға жеткенде 3,5-5% дейін төмендейді.
Бұл бағдарлама әсіресе ірі қалаларда сұранысқа ие болмақ.
Ипотекаға қалай алдын ала дайындалу керек?
2026 жылғы ипотеканы сәтті алу үшін мына қадамдарды қазірден бастаған жөн:
- Отбасы банкте депозит ашу;
- ресми және тұрақты табысты қамтамасыз ету;
- несие тарихын тексеру;
- бастапқы жарна мен ай сайынғы төлемді алдын ала есептеу.