Қазақстанда медициналық қызмет сапасы мен көлемін бақылаудың жаңа жүйесі енгізіледі. 2026 жылдан бастап тапшы мамандықтағы дәрігерлер баспанамен қамтылады. Жедел жәрдем бригадалары бейнежетондармен, стационарлар бейнетіркеумен жабдықталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, жыл соңына дейін медициналық көмектің сапасын басқару жүйесін жетілдіруге арналған кешенді жоспар әзірленеді.
Аталған бастама аясында Бірыңғай медициналық көмек төлем жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі. Сондай-ақ, медициналық ұйымдардың жұмысын лицензиядан кейінгі және аккредитациядан кейінгі мониторинг жүргізуде де жасанды интеллект қолданылады.
Бұл шаралар медициналық көмектің сапасы мен көлемін бағалау процесінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді, – деді министр.
Сонымен қатар, заңнамалық деңгейде медициналық қызметке берілетін лицензияның қолданылу мерзімін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Президенттің дәрігер мәртебесін көтеру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктерге "Отбасы банкімен" бірлесіп, 2026 жылы кадр тапшылығы қатты сезілетін аймақтардағы аса тапшы мамандық иелерін баспанамен қамтамасыз етуді ұсынды.
Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру үшін 2100 жедел жәрдем бригадасы бейнежетондармен, ал 644 қабылдау стационары бейнетіркеу құрылғыларымен жабдықталатын болады.