Қазақстанның соңғы жаңалықтары

2026 жылдан бастап салық қалай төленеді: Кімге не өзгерді?

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 14:41
336
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енгенін еске салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжатқа сәйкес, елде үш арнаулы салық режимі қолданылады:

– өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;
– оңайлатылған декларация негізіндегі;
– шаруа (фермер) қожалықтары үшін.

Осыған байланысты салық төлеушілер үшін бірқатар маңызды талаптар белгіленген.

Оңайлатылған декларация: 1 наурызға дейін хабарлама беру қажет

Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдануды жоспарлаған жеке кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынуы тиіс.

Белгіленген мерзімде хабарлама берілмеген жағдайда, салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне көшіріледі.

Хабарламаны салық төлеуші кабинеті, E-Salyq Business мобильді қосымшасы, Мемлекеттік кірістер басқармалары немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. Қазіргі таңда бұл қызмет Kaspi Bank қосымшасында да қолжетімді.

Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың соңында салық режимін «көшу» себебімен қате көрсетіп жіберген кәсіпкерлерге назар аударды. 2026 жылғы 12 қаңтардан бастап мұндай хабарламаны қайта ұсыну мүмкіндігі ашылған. Қате жіберген салық төлеушілерге жаңа хабарламаны қайта тапсыру қажет.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар автоматты түрде есептен шығарылады

2026 жылғы 1 наурызда салық органдары 2025 жылы патент негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша арқылы арнаулы салық режимін қолданған тұлғаларды жеке кәсіпкер ретінде автоматты түрде есептен шығарады.

Есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі. Бұл ретте азаматтардың өз еркімен есептен шығу туралы өтініш беру құқығы сақталады.

Алайда, егер салық төлеуші алдын ала хабарлама ұсынып, басқа салық режимін таңдаған болса, автоматты есептен шығару жүргізілмейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы режимді қолдану алғашқы чек қалыптастырылған күннен бастап есептеледі.

Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл санаттағы салық төлеушілерден ешқандай хабарлама талап етілмейді, көшу процесін салық органдары өздері жүргізеді.

Өзгелердің жаңалығы