2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табыс салығы бұрынғыдай есептелмейді. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, енді бірқатар азаматтар ЖТС төлемеуі мүмкін, ал табысы жоғары адамдар көбірек салық төлейді. Бұл өзгерістер кімдерге қалай әсер етеді? Осы сұрақтарға Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Айгүл Абасова жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
– Айгүл Айдарханқызы, жаңа Салық кодексіндегі жеке тұлғаларға қатысты ең басты жаңалық қандай?
– Ең басты жаңалық – бірыңғай базалық салық шегерімінің енгізілуі. Оның мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке тең, қазіргі есеппен бұл 129 750 теңге. Енді әрбір азамат ай сайын осы сомаға дейінгі табысына салық төлемейді. Егер азаматтың жалақысы осы деңгейден аспаса, оның жеке табыс салығы мүлде есептелмейді.
– Бұл бұрынғы медицина, оқу, ипотека және көпбалалы отбасыларға арналған шегерімдерді алмастыра ма?
– Иә, бұрын бірнеше түрлі шегерім болды және олардың әрқайсысы үшін азаматтар құжат жинап, декларация тапсыруға мәжбүр болатын. 2026 жылдан бастап бұл тәртіптің барлығы жойылып, барлығы бір ғана базалық шегеріммен ауыстырылады. Енді азаматқа тек жұмыс берушінің бухгалтериясына өтініш жазу жеткілікті, ешқандай түбіртек жинаудың немесе декларация тапсырудың қажеті болмайды.
– Демек, енді ЖТС қайтару болмай ма?
– 2026 жылдан бастап жеке табыс салығын қайтару тетігі қарастырылмайды. Енді салық бірден аз ұсталады, бірақ жыл соңында қайтару болмайды.
Ал 2025 жыл үшін бұрынғы тәртіп сақталады: егер азамат декларация тапсырып, шығындарын құжатпен растаса, артық төленген салықты қайтарып ала алады немесе басқа салықтарына есептете алады.
– Жалпы салық шегерімі деген не? Оны қарапайым тілмен түсіндіріп берсеңіз...
– Салық шегерімі – бұл азаматтың табысынан белгілі бір соманы алып тастап, тек қалған бөлігіне ғана салық салу. Яғни салық бүкіл жалақыдан емес, шегерімнен кейін қалған сомадан ғана есептеледі.
Мысалы, адам 300 мың теңге жалақы алса, оның 129 750 теңгесі шегеріледі де, салық тек қалған 170 250 теңгеден есептеледі. Яғни салық бүкіл жалақыдан емес, тек азайтылған сомадан ғана ұсталады.
– Егер адам екі жерде жұмыс істесе, екі жерден де қолдана ала ма?
– Жоқ, базалық шегерім тек бір ғана жұмыс орнында қолданылады. Егер адам бірнеше жерде қатар қолданса, бұл заң бұзушылық болып саналады және кейін қосымша салық төлеуге тура келеді.
– Ал жұмыс істемей, пәтерін жалға беріп табыс тауып жүргендерге қалай қолданылады?
– Ондай азаматтар декларация арқылы өздері қолданады. Олар да өз табысын 129 750 теңгеге азайтып, қалған сомадан ғана салық төлейді.
– Мүгедектігі бар адамдар үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Олар үшін ірі шегерім сақталады. 2026 жылдан бастап бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар жылына 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі табысынан салық төлемейді. Бұл – әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды қолдау шарасы.
– ЖТС мөлшерлемесіне қатысты қандай өзгеріс бар?
– 2026 жылдан бастап прогрессивті шкала енгізіледі. Жылына 36 миллион теңгеге дейінгі табысқа 10 пайыз мөлшерлеме сақталады, ал осы сомадан асқан бөлігіне 15 пайыз қолданылады. Бұл – табысы жоғары азаматтар көбірек салық төлейді деген сөз.
– Ал дивиденд пен кәсіпкерлерге қалай салынады?
– Дивидендтер бойынша жылына 1 миллиард теңгеге дейін 5 пайыз, одан асқан бөлігіне 15 пайыз қолданылады. Жалпы режимдегі жеке кәсіпкерлер үшін де осыған ұқсас тәртіп қарастырылған.
– Зейнеткерлер пәтерін жалға беріп отырса не болады?
– Олар өздеріне тиімді салық режимін таңдай алады. Кейбір жағдайда мүлде салық төлемеуі мүмкін, ал кей жағдайда базалық шегерімді қолданып, салықты азайтылған табыстан төлейді.
– Егер азамат шегерімді қате қолданса не болады?
– Бұл жағдайда ол артық пайдаланған сомасын толық көлемде қайтарады. Негізгі жауапкершілік – табысты дұрыс көрсету мен шегерімді заңды түрде қолдану.
– Соңында халыққа қандай кеңес берер едіңіз?
– Жаңа жүйеден қорқудың қажеті жоқ. Ол бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қарапайым әрі түсінікті. Табысы төмен азаматтар салық төлемеуі мүмкін, ал табысы жоғары азаматтар әділетті түрде көбірек төлейді.