Қазақстанның соңғы жаңалықтары

2026 жылдан бастап ажырасу, паспорт пен жүргізуші куәлігін жасату қымбаттайды

Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/ Мади Искаков
Фото: BAQ.KZ архиві/ Мади Искаков

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар үшін бірқатар ресми құжатты рәсімдеу қымбаттайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге ұлғаюы негіз болып отыр. АЕК мөлшері 2026-2028 жылдарға арналған мемлекеттік бюджетте бекітілген.

АЕК өсіміне байланысты келесі жылы мемлекеттік баж мөлшерлері де қайта есептеледі.

Құжат жасату қымбаттайды:

  • 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік паспорт – 17 300 теңге (4 АЕК). 2025 жылғы көрсеткіш – 15 728 теңге.
  • 36 беттік стандартты паспорт – 34 600 теңге (8 АЕК). 2025 жылы – 31 456 теңге.
  • 48 беттік паспорт – 51 900 теңге (12 АЕК). Биыл – 47 184 теңге.
  • Жеке куәлік – 865 теңге (0,2 АЕК). 2025 жылы – 786 теңге.

Жеке куәлігін бір жылда екі реттен жиі жоғалтқан азаматтар 1 АЕК (4 325 теңге) көлемінде төлем жасайды.

Жүргізуші куәлігі келесі жылдан бастап 5 406 теңге (1,25 АЕК) тұрады.

Неке қию куәлігіне де жаңа тариф енгізіледі – 1 АЕК (4 325 теңге).
Ал ажырасу туралы өтініш бергендер 8 650 теңге (2 АЕК) төлейді. Бұл – 2025 жылғы мөлшерлемеден (7 864 теңге) жоғары және некені тіркеуден екі есе қымбат.

Туу туралы куәлік бұрынғыдай тегін беріледі. Алайда құжат жоғалған жағдайда немесе қайта рәсімдеу қажет болса, ата-аналар 0,5 АЕК (2 163 теңге) төлейді.

Кімдер мемлекеттік баж төлеуден босатылады?

Бірқатар санаттағы азаматтар құжаттарды ақысыз рәсімдей алады. Бұл тізімге кіреді:

  • ел батырлары мен жоғары мемлекеттік наградалары бар тұлғалар;
  • көпбалалы аналардың құрметті атақ иелері;
  • соғыс ардагерлері мен жауынгерлік әрекеттерге қатысушылар;
  • мүмкіндігі шектеулі жандар және мүгедектігі бар баланың ата-аналары;
  • әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар;
  • жетім балалар мен толық мемлекеттік қамқорлықтағы балалар;
  • Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккендер.
Өзгелердің жаңалығы