Қазақстанның соңғы жаңалықтары

2026 жыл Қазақстан экономикасы үшін қиын болады – сарапшылар болжамы

Олжас АДАЙ
Кеше, 14:55
577
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

2026 жыл Қазақстан экономикасы үшін күрделі кезеңге айналуы мүмкін. Экономистер жаңа Салық кодексі, инфляция, теңге бағамы мен мұнайға тәуелділік ішкі тәуекелдерді күшейтіп, экономиканың тұрақтылығына қысым түсіреді деп болжап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан экономикасының 2026 жылғы перспективасына қатысты сарапшылар пікірі сақтыққа негізделген. Экономист Талғат Демесінов пен экономист, қаржылық кеңесші Арман Байғановтың айтуынша, сыртқы факторлар әсерін сақтағанымен, негізгі қауіп ішкі құрылымдық проблемаларда.

Салық кодексі және бизнеске түсетін қысым

Экономист Талғат Демесінов 2026 жылды Қазақстан экономикасы үшін қиын кезең деп бағалайды. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінің енгізілуі кәсіпкерлер мен азаматтар үшін бейімделу тәуекелдерін күшейтеді.

2026 жыл Қазақстан экономикасы үшін қиын болады – сарапшылар болжамы

2026 жыл Қазақстан экономикасы үшін өте қиын жыл болады. Себебі жаңа Салық кодексі қолданысқа енгеннен кейін оған кәсіпкерлер мен жеке азаматтардың қалыптасуына белгілі бір уақыт қажет, - дейді ол.

Экономист қосылған құн салығының 12 пайыздан 16 пайызға өсуі мен шағын кәсіпкерлер үшін ҚҚС-тан босатылатын айналым шегінің төмендетілуі бизнестің күнделікті жұмысына кері әсер ететінін атап өтті.

Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің бизнесіне оң әсер етеді деп айту қиын. Керісінше, теріс ықпал етеді, – дейді Талғат Демесінов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, құрылыс саласына да қосымша қысым түседі. Бұрын тұрғын үй салу кезінде ҚҚС төлемеген құрылыс компаниялары енді бұл салықты төлеуге міндеттеледі. Бұл өз кезегінде тұрғын үй бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.

Ішкі тәуекелдер сыртқы факторлардан басым

Сарапшы сыртқы геосаяси тәуекелдерге қарағанда, ішкі проблемалардың әсері басым деп есептейді.

Үкімет көп жылдан бері экономикалық мәселелердің себептерімен емес, салдарымен күресіп келеді. Ал негізгі себептерді шешу қажет, – дейді ол.

Талғат Демесіновтің пікірінше, басты түйткіл – отандық өңдеу өнеркәсібінің дамымауы. Қосылған құны жоғары өнім өндірісі жолға қойылмайынша, инфляция мен теңгенің әлсіреуі қайталана береді.

Ол Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы да отандық тауар өндірісін дамытуға шектеу қойып отырғанын айтады. Ресей мен Беларусь елдерінде өндірілетін тауарлармен бәсекелесу Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып отыр.

Ақша массасы мен инфляция тәуекелі

Экономист айналымдағы ақша массасының күрт өсуіне де назар аударады.

Қазіргі таңда айналымдағы ақша көлемі 50 триллион теңгеден асты. Ақша массасының өсу қарқыны тауар өндірісі мен экономиканың өсуінен әлдеқайда жоғары, – деді ол.

Оның айтуынша, 2025 жылы экономика шамамен 6 пайызға өскенімен, ақша массасы бір жылдың ішінде 11 триллион теңгеге артқан. Бұл тауармен қамтамасыз етілмеген ақша көлемінің ұлғаюы инфляциялық қысымды күшейтеді.

Сонымен қатар үкіметтің ипотекалық және автонесиелеуге қомақты қаржы бөлуі де инфляцияны жеделдетуі мүмкін.

Бұл шаралар да мәселенің себептерімен емес, салдарымен күрес, – дейді экономист.

Теңге бағамы әлсіреуі мүмкін

Талғат Демесінов 2026 жылы ұлттық валютаның әлсіреу ықтималдығын жоғары деп санайды.

Теңге долларға, еуроға, юаньға қатысты әлсіреуі мүмкін. Жыл соңына қарай бағам 550–570 теңге аралығында қалыптасуы ықтимал, - деді ол.

Оның айтуынша, Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі несиені қымбаттатып, бизнестің шығынын арттырады. Бұл түптеп келгенде тауар мен қызмет бағасының өсуіне алып келеді.

Мұнай мен геосаяси тәуекелдер

Ал экономист, қаржылық кеңесші Арман Байғанов Қазақстан экономикасына әсер ететін негізгі сыртқы тәуекелдерге тоқталды. Оның айтуынша, мұнай бағасының құбылмалылығы мен геосаяси жағдай бюджет тұрақтылығына тікелей әсер етіп отыр.

2026 жыл Қазақстан экономикасы үшін қиын болады – сарапшылар болжамы

Қазақстан бюджетінің 50 пайыздан астамы мұнай сатудан түсетін кіріске тәуелді. Мұнай бағасындағы ауытқулар бюджет тапшылығын күшейтеді, – дейді ол.

Экономист экспортталатын мұнайдың шамамен 90 пайызы Ресей арқылы өтетінін атап өтті. Бұл логистикалық тәуекелдерді арттырады.

Сондықтан Транскаспий көлік дәлізін дамыту, Әзербайжан мен Грузия арқылы Қара теңізге шығатын бағытты күшейту қажет, – деді Арман Байғанов.

Экономиканы әртараптандыру – негізгі шешім

Арман Байғановтың айтуынша, мемлекет өңдеу өнеркәсібіне инвестицияны арттыру арқылы мұнайға тәуелділікті біртіндеп азайта алады.

Шикізатты сол күйінде экспорттаудың орнына, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнім ретінде шығару қажет. Бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, салық түсімдерін арттырады, - дейді ол.

Экономист Қазақстан экономикасы үшін мұнайдың барреліне 80–90 доллар деңгейіндегі баға тұрақтылықты сақтауға қолайлы екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы