2025 жылдың 11 айында Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметі 7 467 926 шақыртуға қызмет көрсетті. Оның 1 375 401-і емханалар жанындағы мобильді бригадаларға, қалғаны жедел жәрдем қызметіне тиесілі. Ең көп шақырту Алматы қаласында, Түркістан облысында және Астанада тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шақыртулар құрылымында тыныс алу ағзаларының аурулары басым болды – 1 778 189 жағдай (23,8%). Одан кейін жүрек-қан тамырлары аурулары – 1 434 483 (19,2%), басқа аурулар – 1 249 223 (16,7%), жарақаттар мен уланулар – 735 183 (9,8%), неврологиялық аурулар – 714 915 (9,6%). Жол-көлік оқиғаларына байланысты 40 972 шақырту тіркелді.
Есепті кезеңде сәтті реанимация көрсеткіші 8,2%-ға өсіп, 60,3%-ды құрады. Шұғыл санаттағы шақыртуды бригадаға беру уақыты орта есеппен 1,7 минутты, ал бірінші санат бойынша жету уақыты 8,8 минутты құрады.
Жарақаттарға байланысты 685 503 шақыртуға қызмет көрсетілді. ЖКО салдарынан 52 097 адам зардап шегіп, олардың 64,3%-ы стационарға жеткізілді. Қаза тапқандардың үлесі 2,4% болды. Оқиға орнына жетудің орташа уақыты – 8 минут.
Жіті миокард инфарктісі бойынша 27 378 шақырту тіркеліп, тромболитикалық терапия жағдайлардың 89,9%-ында көрсетілді. Инсульт бойынша 52 207 шақыртуға қызмет көрсетілді, пациенттерді нормативтік мерзімде инсульт орталықтарына жеткізу қалада 97,9%, ауылдық жерде 88,5% деңгейінде қамтамасыз етілді.
Қазіргі уақытта ел бойынша бір ауысымда 1 618 көшпелі бригада жұмыс істейді. Жедел медициналық жәрдем қызметінің кадрлармен қамтылуы 86,8%-ды құрайды.