2025 жылы зейнеткерлерге қанша төленеді?

Кеше, 12:16
1173
Бөлісу:
2025 жылы зейнеткерлерге қанша төленеді?
Фото: Арман Мухатов

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы зейнетақы төлемдері туралы мәлімет таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жылы 2,5 миллион зейнеткерге зейнетақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 4 231,3 миллиард теңге қарастырылған. Оның 2 867,7 миллиард теңгесі ынтымақты зейнетақыға, ал 1 363,6 миллиард теңгесі базалық зейнетақы төлеуге бағытталады.

Халықтың өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты зейнеткерлер саны біртіндеп өсіп келеді. Зейнетақы төлемдерінің жеткілікті деңгейде болуын қамтамасыз ету үшін жыл сайын инфляция деңгейінен 2 пайызға жоғары өсім жүзеге асырылады, – деп атап өтті министрлік.

Министрлік 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 70%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшерін 100%-дан 120%-ға дейін кезең-кезеңімен арттыру жүргізіліп жатқанын еске салды.

Осылайша, 2025 жылы базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-дан 110%-ға дейінгі аралығында болады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін жинақтаушы зейнетақының орташа мөлшері 35 мың теңгені құрайды, – делінген министрліктің хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы