Отбасы банк серіктестерімен бірге 2025 жылы Қазақстанда ислам ипотекасын іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанада Отбасы банк (“Бәйтерек” холдингінің еншілес ұйымы), Қазақстан құрылысшылар одағы және Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы (AIFB) Қазақстандағы ислам қаржы индустриясын дамыту туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар арасындағы серіктестік пен бірлескен ынтымақтастық Қазақстанда ислам қаржыландыру мен ислам ипотекалық құралдарды дамытуға және ілгерілетуге ықпал етеді.
Бірінші кезеңде тараптар қазақстандық заңнаманы зерделеу және тиісті өзгертулер енгізу, исламдық қаржыландыру саласында бірлескен оқыту семинарлары мен вебинарлар өткізу, бірлескен сараптамалық, ақпараттық, талдау және зерттеу жұмыстарын жүргізу бойынша бірлесіп жұмыс істеуі керек.
Біз сарапшылар тобымен және құрылысшылар қауымдастығымен бір емес бірнеше рет кездесіп, Қазақстанда ислам ипотекасына сұраныстың жоғары екеніне көз жеткіздік. Діни ұстанымдағы азаматтарымыз ақшаны өсімге алмауы, пайдаланбауы керек. Бірақ оларға да өзге азаматтарымызға сияқты жеке баспана қажет. Біз бір қоғам және мемлекетпіз, бізде діни сенім бостандығы бар және сенімі баспана мәселесін шешуге мүмкіндік бермейтін қазақстандықтарға қолдау көрсетуіміз керек. 2025 жылы біз алдымызға ислам ипотекасын іске қосу бойынша жұмысты бастау міндетін қойдық. Бізде ислам ипотекасы қарастырылмаған тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы заң бар. Алайда заңнамалық бастамалар заңда “ислам терезесі” деп аталатын жеке бөлімді құруға және ислам ипотекасын алу үдерісін сипаттауға көмектеседі, - деп түсіндірді “Отбасы банк” АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Шариғат қағидаларына негізделген ислам ипотекасында пайыздар негізгі қарызға қолданыла алмайды. Сондықтан алдағы уақытта банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін пайдалана отырып, ислам қағидаттары бойынша тұрғын үйді қаншалықты нақты сатып алуға болатынын қарастырады.
Отбасы банк CSQlaw Қазақстандағы филиалымен де меморандумға қол қойды. Бұл малайзиялық компанияның Қазақстандағы филиалы. Ынтымақтастық аясында бұл компания Отбасы банк қызметкерлерін шариятқа сай қаржылық құқық негіздері мен исламдық қаржыландыру бойынша кешенді оқытуды ұйымдастырады.
Бұл банк қызметкерлерінің ислам қаржы құқығы саласындағы кәсіби білімін арттырып, тәжірибесін кеңейтеді. Сонда банктің жаңа клиенттері ислам талаптарына сай сапалы қызмет алып, баспана мәселесін шеше алады.