Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы туралы айтып, су құбырын тарту, газдандыру және тұрғын үй құрылысы салаларын қамтитынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылы ауылдық елді мекендерді газдандыру қарқыны рекордтық деңгейге жетті. Қазір 22 ауылға газ жеткізілген, оларда шамамен 9 мың тұрғын тұрады. Жыл соңына дейін тағы 6 ауыл (шамамен 3,5 мың тұрғын) табиғи газға қосылатын болады.
Осылайша, бір жыл ішінде барлығы 28 ауыл газдандырылады, қамтылатын халық саны – 12,3 мың адам. Жыл соңына дейін өңірде тұрғындардың табиғи газбен қамтамасыз етілу деңгейі 97%-ға жетеді.
Әкімнің айтуынша, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де облыстың дамуының басым бағыттарының бірі болып табылады. Биыл төрт ауылда, олардың халқы 1,3 мыңнан астам адам, орталықтандырылған сумен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы алты ауыл, шамамен 2 мың тұрғын тұратын, орталықтандырылған ауыз сумен қамтылатын болады.
Тағы бір маңызды міндет – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жыл соңына дейін Үкімет бекіткен 1 млн шаршы метр тұрғын үйді енгізу жоспары толық орындалатын болады. Тек 10 айда 745 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, биыл кезекте тұрған 419 отбасы тұрғын үймен қамтылды, ал жыл соңына дейін тағы 1 063 отбасыға баспана берілетін болады.