Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Үкіметінің отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы жылдың соңына дейін 200 жаңа мектепті іске қосу қажеттігін айтты. Сонымен қатар 2025 жылға дейін 5000 мектептің инфрақұрылымы жаңартылатыны айтылды.
2021 жылдың соңына дейін 200 жаңа мектепті енгізу қажет, аймақтар тиісті жоспармен қамтамасыз етілді. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жекеменшік мектеп желісін арттыру өте маңызды, - деді министр.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда елімізде 41 мың оқушыға арналған 126 жекеменшік мектеп ашылды. Бұл бұған дейін ашылған жекеменшік мектептердің санынан 2 есе көп.
Қазіргі уақытта министрлік әкімдіктермен бірлесіп, 800 мектепті салу жол карталарын жасауда. Ол үшін 4 механизм қолданылады. Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жекеменшік мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс және модульдік конструкциялардан мектептер салу, - деп түсіндірді ол.
Мектептің инфрақұрылымын жаңарту мәселесі де маңызды бағыттың бірі екеніне тоқталды.
2025 жылға дейін 5000 мектептің инфрақұрылымы жаңартылады. Ол дегеніміз – балаларға қауіпсіз және қолайлы жағдайларды жасау, жоғары жылдамдықты интернетпен, пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңарту, күрделі және кешенді ағымдағы жөндеу жүргізу және тағы басқа бастамалар, - деді Асхат Аймағамбетов.
Министр осы мақсатта нақты кесте жасалып, әр аудан мен облыс бойынша тиісті жоспар бекітіліп жатқандығын айтты.