2024 жылы Қарулы күштерде 50-ден аса модульдік ғимарат пайдалануға берілді

Бүгiн, 00:28
145
Бөлісу:
2024 жылы Қарулы күштерде 50-ден аса модульдік ғимарат пайдалануға берілді

Қазақстан әскерінде модульдік ғимараттарды пайдалануға беру бағдарламасы жалғасуда. 2024 жылдың өзінде 56 модульдік ғимарат пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, оның ішінде 25 казарма, 4 асхана және 13 әкімшілік үй-жай бар.

Бұдан басқа, бір жыл ішінде өткен «Бірлестік-2024», «Шексіз бауырластық», «Мызғымас бауырластық» ауқымды оқу-жаттығуларына, «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына дайындық кезінде оқу-жаттығу орталықтары мен полигондардың инфрақұрылымын жетілдіру жұмысы жүргізілді. Әскери бөлімдер мен мекемелердегі 800-ден астам нысан дербес жөндеуден өтті, - деп жазылған хабарламада.

Еліміздің бес өңірінде әскери қызметшілерге арналған жаңа үйлер салынып жатыр

Қазақстанның бес өңірінде әскери қалашықтардың құрылысы жалғасуда. Семей, Ақтөбе, Шымкент, Қонаев және Атырауда Қарулы күштердің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге арналған көп пәтерлі модульді тұрғын үйлер салынып жатыр.

Сонымен қатар, 7 әскери қалашықта 58 мың шаршы метрден аса алаңға бетон асфальт төселген.

Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайды жақсарту мақсатында жаңа жөндеуден өткен тұрғын үйге ерекше күтімді қажет ететін балалар өсіріп отырған отбасылар қоныстанған.

Бұған қоса 2024 жылы әскери қызметшілер Қазақстанның әр өңірінен 328 пәтерді жекешелендірді.

Қонаев қаласында «Балдәурен» балаларды сауықтыру орталығының қасбеттері жөнделіп, футбол және волейбол алаңдарына қоршау орнатылды, жазғы асхананы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қарулы күштер өздері шығарған жиһаздармен және қоршаулармен 100% қамтамасыз етуде

Қарулы күштердің аудандық пайдалану бөлімдерінде өз өнімдерін көбейту жалғасуда. 2024 жылы ангарлар өндірісі 25%-ға артты (24 дана салынды), 38 шақырымдық 3D-қоршаулар, 1,5 шақырымнан аса «Егоза» типті сымдар, 670 шаршы метр ПВХ-бұйымдар және 8 540 бірлік жиһаз, оның ішінде 400 асхана үстелі, 2400 төсек тумбалары, 1100 оқушы партасы, 3800 орындық, 40 киім шкафтары жасалды.

Өткен жылдың өзінде жиһаз өндірісінің арқасында Құрлық әскерлері және Десанттық-шабуылдау әскерлерінің казармалық қоры 30%-ға жаңартылды. Астана әскери колледжінде және Қарағанды мен Алматы қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық мектептерінде казармалық жиһаз толығымен жаңартылды.

2025 жылға қосымша станоктар, аралар, жиһаз жасауға арналған жабдықтар мен пішінделген қаңылтырлар сатып алу жоспарланған, бұның бәрі Қарулы күштерге қажетті тауарлардың өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы