Соңғы жылдары қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру схемаларында заңсыз криптоайырбастаушылар маңызды рөл атқарады, олар криптовалютаны фиаттық валюталарға және керісінше конвертациялауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мұндай құрылымдар өз клиенттерін сәйкестендірмейді және күдікті операцияларды анықтамайды. Сондықтан, олардың қызметтерін көбіне кибералаяқтар мен есірткі заттарын өткізушілер пайдаланады.
2024 жылы жалпы айналымы 60 млрд теңгені құрайтын 36 заңсыз крипто айырбастау пункті жойылды. 4,8 млн USDT (шамамен 2,5 млрд теңге) сомасына активтер бұғатталып, тәркіленді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп жүргізген жұмыс нәтижесінде 3,5 мыңнан астам заңсыз онлайн криптоайырбастау қызметі бұғатталды.
Инвестициялар тарту үшін криптовалютаны пайдаланған екі қаржылық пирамида әшкереленді. 545 мың USDT қайтарылды және 120 мың USDT бұғатталды.
Қаржылық мониторинг агенттігі криптотранзакцияларға бақылауды күшейту және олардың қылмыстық мақсаттарда қолданылуына қарсы күрес жүргізуде халықаралық әріптестермен жұмысты жалғастыруда.
Ақша жымқыру саласындағы бұзушылықтар үшін цифрлық активтер провайдерлеріне жауапкершілік жүктейтін заңнамалық түзетулер әзірленді.
Қаржы ұйымдарындағы криптовалюта операцияларын тексеру күшейтілді.
Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық схемаларға қарсы күресу мақсатында қаржылық операцияларға тиімді бақылау құралдарын жетілдіруді жалғастыратын болады.