2024 жыл қазақ спорты үшін де жетістікке толы жылдардың бірі болды. Спортшыларымыз түрлі додаларда топ жарып, көк туымызды көкке желбіретті. Ұлу жылындағы жарқын жеңістер қандай шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Париж Олимпиадасы
Төрткүл дүние көз тіккен 2024 жылғы жарыстардың ішіндегі ең айшықтысы Париж олимпиадасы болды. 16 күнге созылған спорт додасында 205 ел бақ сынады. Отандастарымыз Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына 80 жолдама жеңіп алып, спорттың 25 түрінен бақ сынады. Бұл Олимпиада 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтті. Қазақстан алғаш рет брейкинг және бадминтоннан жолдама алды, сонымен қатар гимнастиканың үш түрінен (көркем, спорттық және батут гимнастикасы) жарысқа қатысты. Бокстан ерлер құрамасы толық құрамда, ал әйелдер үш спортшымен бақ сынады. Әйелдер күресінен Қазақстан командасы алғаш рет Олимпиададан сырт қалды. Семсерлесуден де тарихи жетістік бар – Қазақстан алғаш рет командалық жарысқа жолдама алды. Еліміз бір алтын, 3 күміс, 3 қола медаль алып, 43-орынға жайғасты.
Ел қоржынына жалғыз алтын медальді дзюдошы Елдос Сметов салды.
Сондай-ақ, спортшыларымыз 3 күміс медаль иеленді. Гимнастикадан Нариман Курбанов, грек-рим күресінен Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі) күміс медаль алды.
Париж Олимпиадасының қола медалін Назым Қызайбай (50 келі, бокс) және Александра Ле мен Ислам Сәтпаев (нысана көздеуден аралас командалық жарым) және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) иеленді.
Паралимпиада ойындары
2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы өз тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Қазақстандық параспортшылар жалпы 9 медаль жеңіп алып, командалық есепте 39-орынға табан тіреді. Бұл ел үшін бұрын-соңды болмаған жетістік. Қоржынға алтынды Давид Дегтярев – пара пауэрлифтинг пен Ақмарал Науатбек – пара дзюдо (48 кг) салды. Ал күміс медальді нысана көздеуден Еркін Ғаббасов пара жүзу бойынша Нұрдәулет Жұмағали, пара дзюдодан Ерғали Шамей еншіледі. Жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков, пара дзюдодан Даяна Федосова мен Зарина Раифова, Жұрқамырза Шүкірбеков қола алды.
Түркі жұртын тоғыстырған Көшпенділер ойыны
Еліміз үшін айтулы додалардыі бірі – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны болды. Елордада өткен бұл жарысқа 89 елден 2500-ге жуық спортшы бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. Қазақстан құрамасы 43 алтын, 34 күміс, 37 қола медаль алып командалық есепте 1-орынға тұрақтады.
Бокстан Азия чемпионаты
Тайландта өткен ерлер және әйелдер арасындағы бокстан Азия чемпионатында боксшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Азия чемпиондары: Махмұд Сабырхан (54 кг), Бекзад Нұрдәулетов (86 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг) және Айбек Оралбай ауыр салмақта 92 келіден жоғарыда алтын алды. Сондай-ақ Абылайхан Жүсіповтің күмісі алынға алмастырылды. Күміс жүлделер Санжар Ташкенбай (48 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), және Диас Молжігітов (75 кг) бұйырды.
Ұлттық құраманың қоржынына қола медальді Ерасыл Жақпеков алып келді , ол 80 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
UFC-дегі жеңіс
Шавкат Рахмонов желтоқсан айында Иэн Гэрриге қарсы жекпе-жек өткізіп, төрешілер шешімімен басым түсті. Енді келесі жылы чемпиондық атақ үшін Белал Мұхаммадпен кездеседі.
Су спорты түрлерінен Әлем чемпионатындағы алғашқы алтын
Су спорты түрлерінен Қатар астанасы Дохада өткен әлем чемпионатында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова әртістік жүзуден техникалық аралас бағдарламада алтыннан алқа тағып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл Қазақстан атлеттерінің су спорты түрлерінен әлем чемпионатында қол жеткізген тарихи алтын медалі.