Мәжілісте Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2023 жылы республикалық бюджеттің қалай атқарылғаны жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, былтырдың қорытындылары оң серпінмен атап өтілді. Мәселен, 2023 жылы жалпы ішкі өнім 5,1%-ға өсті.
Бұған негізгі капиталға инвестициялардың өсуі мен экономиканың негізгі салалары, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда-саттық, көлік салаларының дамуы есебінен қол жеткізілді. Жылдық инфляция деңгейі 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендеп, 9,8%-ға жетті, - деп айтты Мәди Тәкиев.
Қаржы министрі былтыр халықты зейнетақымен қолдау күшейгенін айтты.
Ортақ зейнетақы мөлшері 10,5%-ға индекстелді. Осылайша, 2,3 млн азаматтың зейнетақы төлемдері, бюджет шығыстарының 3 трлн 314 млрд теңгесін құрады.
Мүгедектігі мен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері екі рет тиісінше 8,5%-ға және 14,5%-ға артты. Балалары бар отбасыларға берілетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 8,5 %-ға өсті, - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, жалпы бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 2,6%-ды құрады. 2024 жылғы 1 қаңтары жағдайы бойынша мемлекеттік борыш 27,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 22,8% болды.