Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің дерегінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың қорытындысынан 1,5%-ға өсіп, 3,1 трлн теңге болған.
Салаға келіп жатқан инвестициялар қатары өсіп жатыр. Былтыр тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 3,9%-ға өсіп, 151 млрд теңгеге жетті. АӨК өнімдерінің экспорт көлемі 2022 жылдың деңгейінде сақталып, 2023 жылы 5,4 млрд долларды құрады, - деді Сапаров.
Сонымен қатар былтыр қолайсыз климаттық жағдайларға қарамастан, сала өндіріс көлемінің артуы есебінен құлдырауға жол бермеді. Қайта өңделген өнімдердің экспорттағы үлесі 42,6%-ға жетіп, ақшалай мәнде 2,3 млрд долларды құрады.
Экспортқа шығарылған өңделген мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 187 млн долларға жетті. Бұл барлық өңделген өнім экспортының 8,2%-ын құрайды. Дегенмен, бұл үлесті арттырудың әлеуеті зор. Бұл ретте заттай түрде өңделген сүт өндірісі 2,9%-ға, сары май 18,6%-ға, ірімшік пен сүзбе 10,5%-ға, салқындатылған ет 9,8%-ға, шұжық өнімдері 0,9%-ға өсті. Алайда құрғақ сүт өндірісі 25,4%-ға, ет консервілері өндірісі 3,9%-ға төмендеді, - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрі Үкімет сағатында.