2022 жылы спортшыларымыз АҚШ-тағы Бүкіл дүниежүзілік ойындарға қатысады

21 Қазан 2021, 22:49
8262
Бөлісу:
2022 жылы спортшыларымыз АҚШ-тағы Бүкіл дүниежүзілік ойындарға қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің жұмыс кеңесі өтті. Комитет төрағасының міндетін атқарушы Бекболат Байжановтың төрағалығымен өткен басқосуға комитеттегі барлық басқарма басшысы, бағынысты мекеме басшысы, бас бухгалтерлері мен заңгерлері қатысты.

Күн тәртібінде бағынысты мекеме басшылары жыл басынан бері 9 айдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыс пен бюджет қаражатының игерілуі жайлы есеп берді. Алғаш рет ұйымдастырылған ТМД елдері ойындарының қорытындысы шығарылды.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жазғы спорт түрлері басқармасының басшысы Айгүл Бектенова 4-11 қыркүйек аралығында Ресей Федерациясының Қазан қаласында алғаш рет өткен ТМД елдері ойындарындағы Қазақстан делегациясының көрсеткішіне тоқталып өтті. Осыдан кейін сала мамандарымен нәтиже талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, 10 мемлекеттен 14-23 жас аралығындағы спортшылар жиналған ойындарға Қазақстан құрамасы 14 спорт түрінен 150 атлет апарды. Жалпы есепте 18 алтын, 35 күміс, 53 қола (барлығы 106) медальмен Ресей мен Өзбекстаннан кейін үздік үштікті түйіндеді.

Спортты дамыту дирекциясының директоры Әлібек Нұртаев 9 айдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыс жөнінде егжей-тегжейлі баяндап, дирекцияның даму жоспарында биылға бекітілген көрсеткіштер жөнінде айтты.

Бүгінде дирекция олимпиядалық емес, сурдлимпиадалық және ұлттық спорт түрлерін дамытуға, бұқаралық іс-шараларды өткізуге жауапты. Сонымен қатар штаттағы ұлттық командаларды ұстау және даярлау, Азия ойындары мен әлем, Азия чемпионатына, Кубогына, басқа да халықаралық және республикалық жарыстарға қатысуға дайындығын қамтамасыз етеді.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 99 республикалық, шет елде 10 халықаралық, ел аумағында бір халықаралық, 6 халықаралық оқу-жаттығу жиыны, ел аумағында 15 оқу-жаттығу жиыны өтті. Дирекция олимпиадалық емес және сурдлимпиадалық спорт түрлерінен шет мемлекеттер мен ел аумағында өткен ресми халықаралық жарыстарда 40 медаль (12 алтын, 17 күміс және 11 қола) жеңіп алды. Ал ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан құрама командасының мүшелері 2 халықаралық, 30 республикалық іс-шара, үш республикалық оқу-жаттығу жиыны мен 4 халықаралық оқу-жаттығу жиынын өткізді. Ұлттық спорт түрлерінен құрама команда спортшылары 2 халықаралық турнирге қатысып 2 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды,-деді Әлібек Нұртаев.

Сонымен қатар ол 2022 жылы спортшыларымыз бақ сынайтын бірқатар халықаралық бәсекені атап өтті.

Келер жылы жауынгерлік өнерден және жабық ғимараттағы спорт түрлерінен (14 спорт түрі бар) Тайландтың Бангкок пен Паттайя қаласында VІ Азия ойындары, Қытайдың Ханчжоу қаласында XIX жазғы Азия ойындары (4 спорт түрінен), АҚШ-тың Алабама штатындағы Бирмингем қаласында Бүкіл дүниежүзілік ойындар (6 спорт түрінен), Түркияның Конья қаласында V Ислам ынтымақтастық ойындары (2 спорт түрінен), Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындары (21 спорт түрінен) өтеді. Бұл жарыстарға аттанатын спортшыларымыз дайындық жұмысын қазірден бастап жатыр,-деді ол. 

 Кеңес барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы олимпиадалық даярлау орталығының директоры Андрей Могилевский атқарылған жұмыс жайлы баяндады. 

 Бүгінде біздің олимпиадалық даярлау орталығында 17 спорт түрінен 773 спортшы тіркелген.Олардың 98-і халықаралық деңгейдегі спорт шебері, 194-і Қазақстанның спорт шебері, 453-і спорт шеберлігіне үміткер. Биылғы бекітілген күнтізбеге сәйкес, жалпы 194 іс-шара өткізілді, оның ішінде елімізде өткен 154 оқу-жаттыру жиыны, шет елдерде 17 оқу-жаттығу жиыны мен 23 халықаралық жарыс бар. Осы аралықта орталық спортшылары халықаралық жарыстарда барлығы 75 медаль жеңіп алды. Оның 21-і алтын, 23-і күміс, 31-і қола. Алдын-ала жоспар бойынша 70 медаль жеңіп аламыз деп жоспарлағанбыз. Сондай-ақ, орталықтың 7 спортшысы Жапонияда өткен Олимпиадаға қатысып, каратэші София Берульцева қола медаль жеңіп алды,-деді орталық директоры.

Кеңес соңында басқарма басшылары мен мекеме басшылары жұмыс барысында туындайтын сұрақтарды талқылап, пікір алмасты. Заңнамалық тұрғыда пайда болып жатқан мәселелерді шешу жолдарын ортаға салды.
Өзгелердің жаңалығы