2022 жылы ақылы жолдардан 4 млрд теңге алым түскен

17 Қазан 2022, 10:52
1205
Бөлісу:
2022 жылы ақылы жолдардан 4 млрд теңге алым түскен

Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазіргі уақытта ақылы учаскелердің ұзындығы 2,2 мың шақырымды құрайды. Биыл жыл басынан бері жалпы алымдар 4 млрд теңге болды. Ақылы жол 11 учаскеде енгізілген. Атап айтқанда, «Астана-Щучинск», «Астана-Теміртау», «Алматы-Қонаев», «Алматы-Қорғас», «Қонаев-Талдықорған», «Тараз-Қайнар», «Шымкент-Тараз», «Шымкент-Ташкент», «Шымкент-Қызылорда», «Щучинск-Көкшетау», «Астана-Павлодар», - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сонымен қатар ол ақылы жолдардың тарифтеріне тоқталып өтті. 

Жеңіл автомобильдер үшін тариф – 1 шақырым үшін 1 теңге, жүк көліктері үшін – 1 шақырым үшін 25 теңге. Қызылорда облысының жергілікті жүк көлігін пайдаланушылардың көптеген өтініштеріне байланысты елде ақылы жолдарда жылдық абонементті (жылына 350 мың теңге) енгізу бөлігінде бұйрыққа өзгерістер енгізіліп жатыр. Автожолдарды өзін-өзі ұстауға одан әрі ауыстыру үшін ақылы жолдарды нормативтік жағдайға келтіргеннен кейін ұзындығы 2,5 мың шақырым II санаттағы автожол учаскелерінде енгізу жоспарланып отыр, - деді министр. 

Айтуынша, бүгінде жөндеу аралық мерзімдердің басталуына байланысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Олардың қатарында Қызылорда-Арал, Ақтөбе-Орал, Ақтөбе-Орынбор, Қайнар-Бішкек, Жетібай-Шетпе-Бейнеу-Ақжігіт, Павлодар-Семей, Астана қаласының Солтүстік айналма жолы, Орал-Саратов, Көкшетау-Петропавл, Астана-Атбасар, Павлодар-Омбы, Семей-Қалбатауды қамтитын 2 579 шақырым жол бар. Жалпы 2025 жылға дейін жол учаскелерін реконструкциялаудың аяқталуына қарай 11 мың шақырымға ақылы төлем жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарда бар, - дейді Қайырбек Өскенбаев. 

Өзгелердің жаңалығы