Келесі жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45%-ын төлеу қарастырылып отыр. Бұл туралы Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Олар үшін салық жүктемесі ендігі жылы 33%-дан 20%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар онлайн платформалардың көмегімен жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері рөлінде онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады. Олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдер жүргізеді, - деп айтты Дүйсенова.
Онымен қоса, жұмыскерлердің жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтерін төмендету көзделеді.
Бұл ставкілердің ең төменгі және ең жоғарғы дәрежесі белгіленеді. Келесі жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45%-ын төлеу қарастырылып отыр, - деп түсіндірді Еңбекмині басшысы.
Айтуынша, Әлеуметтік кодекс жобасында, Салық кодексінде және басқа да ілеспе заңдарда көзделген шаралар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен барынша қамтылуына жол ашады.