Биыл КВИ вакцинасын 6 миллионға жуық қазақстандық алады – Цой

1 Наурыз 2021, 10:58
2227
Бөлісу:
Биыл КВИ вакцинасын 6 миллионға жуық қазақстандық алады – Цой

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2022 жылға дейін Қазақстанда шамамен 6 млн қазақстандық коронавирустық инфекциядан вакцинацияланады, деп хабарлады бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен 2020 жылғы қызмет қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттер бойынша ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.

Қазақстанда жеке әзірлеушілердің, сондай-ақ вакциналарды өндіруге арналған оқшауландырылған алаңдардың болуы – бұл вакцинамен қамтамасыз етумен байланысты тәуекелдерді барынша азайту және республикамыздағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға айтарлықтай әсер ету мүмкіндігі. Осылайша, 2021 жылы біз 6 миллионнан астам адамға екпе салуды жоспарлап отырмыз, - деді Цой. 

Алқа барысында Денсаулық сақтау министрі ресейлік «Спутник V» вакцинасы рекордтық мерзімде сатып алынғанын еске салды. Бүгінде оның өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында жолға қойылған. Отандық тауар өндірушілерге өнім жеткізу бекітілген кестеге сәйкес - 2021 жылдың 24 ақпанында басталды. Сонымен қатар, биыл сәуір айында БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының әзірлемесі – «QazCovid-in» отандық өндірісінің вакцинасын қолдану жоспарланған.

Цой Денсаулық сақтау министрлігінің профилактикалық егулерді жүргізу, вакцинаны тасымалдау және сақтау кезінде суық тізбек шарттарын сақтау мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдерді әзірлеп бекіткенін жеткізді. 

КВИ-ға қарсы вакцинация тактикасы, вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. Егілгендердің есебін жүргізу және иммундық жағдайды бақылау e-gov mobile «Вакцинация» сервисі және «Цифрлық құжаттар» сервисіндегі вакцинация паспорты арқылы жоспарлануда. Бұл вакцинация көлемін және аурудың болжамын жоспарлауға көмектеседі. Вакцинацияның қолда бар нәтижелерін ескере отырып, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына дейін эпидемиологиялық жағдайдың болжамы қалыптастырылды, - деді ол.

Министр оптимистік және шынайы болжамға сәйкес жаппай вакцинациялау, маска режимін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз етуі және өзін-өзі оқшаулау мен карантинге балама болатынын атап өтті.

Бүгін бүкіл әлем вакциналау арқылы ғана үйреншікті өмірге карантинсіз оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты барлық өңірлер иммунопрофилактика мәселелері бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет, - деп атап өтті министр.

Еске сала кетейік, Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы жаппай вакцинациялау Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 ақпанда басталды.

Өзгелердің жаңалығы