Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев «ҚР Үкіметі, ҚР Ұлттық банкі және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы макроэкономикалық саясаттың 2021-2023 жылдарға арналған шараларын үйлестіру бойынша келісім» тақырыбында өткен Үкімет отырысы аясында айтты.
Министр баяндамасы барысында халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыруда, экономиканың сапалы және тұрақты дамуын қамтамасыз ету, елдің әлеуметтік-экономикалық саясатының ең негізгі басымдығы болып қала беретнін жеткізді.
Бұл ақша-кредит, салық-бюджет және құрылымдық саясаттарды, сондай-ақ қаржы секторын дамыту саясатын үйлестіруді талап етеді. Осыған байланысты, Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінің келісілген іс-қимылын қамтамасыз ету үшін 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім әзірленді. Келісімде тиімді макроэкономикалық саясатты жүргізу, экономиканы қолдау, сондай-ақ сыртқы және ішкі ортаның өзгерген жағдайларына бейімдеу жөніндегі тараптардың бірлескен қызметінің қағидалары мен негізгі бағыттары белгіленген, - деді ол.
Оның айтуынша, Үкімет экономиканың тұрақты және теңдестірілген өсуін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатты іске асыру кезінде жұмыстың төмендегідей басым бағыттарына бағдарланатын болады.
Бірінші кезекте, төмен инфляция, қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ете отырып, іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін контрциклдік макроэкономикалық саясат іске асырылады. Жаңа экономикалық шынайы уақыт кезеңінде экономиканың сапалы және тұрақты дамуы үшін жағдай жасайтын жаңа институционалдық тірек қалыптастырылатын болады. Қосылған құнның жобалау, өндіру және тауарды сатуға дейінгі барлық кезеңі, өңірлік және жаһандық тізбектеріне кірістіріп, бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға негізделе отыра, экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру жөнінде шаралар қабылданады, - деді Ерғалиев.