Биыл Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті

22 Желтоқсан 2020, 12:14
3360
Бөлісу:
Биыл Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Еуразия құрлығының көлік-логистикалық хабы болу геостратегиялық өрлік мақсаттары сәтті жүзеге асырылуда. Еліміздің транзиттік дәліз ретінде орнығып, беки түсуі үшін салынған ауқымды инвестициялар өз жемісін беруде. Өткен жылы еліміздің транзиттік тасымалдан түскен табыс мөлшері 450 миллиард теңгеден асты.

Қазақстанның Еуропа мен Азия түйісуіндегі транзиттік пункт ретінде дамуында «Қазақстан темір жолы» маңызды рөл атқарып келеді. 2019 жылы еліміз арқылы тасымалданған транзиттік жүктер көлемі 19,4 миллион тоннаны құрады. Реті келгенде оның 17,5 миллион тоннасы ҚТЖ инфрақұрылымы арқылы өткізілгендігін айта кету керек. 

Биыл Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті

2015 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында «Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» және «Қорғас-Жетіген» теміржол желілері салынған. Бұл жаңа Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Алғашқы желі Қазақстанның Түркіменстан, Иран және Парсы шығанағы елдеріне тікелей шығуын қамтамасыз етті. Ал елдер арасындағы екінші халықаралық шекаралық теміржол өткеліне айналған Қорғас-Жетіген теміржол желісі Қытайдан Еуропа мен Азияға жөнелтілетін транзиттік жүк ағыны көлемінің артуына және арақашықтықты 500 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. 

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың сәуір айында бекіткен инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің транзиттік әлеуетінің дамуына қосымша серпін берді. 

Биыл Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті

«Самұрық-Қазынаның» бағалауы бойынша, инфрақұрылымға салынған ауқымды инвестициялар алдағы он жыл ішінде Қазақстан экономикасының дамуына жылына 0,1-0,2% деңгейінде табыс әкеледі. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша, 2019 жылы Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы шамамен 6 миллион тоннаға жуық жүк, оның ішінде 2,2 млн тонна мұнай, 2,5 миллион тонна құрғақ жүк және 1,4 миллион тонна паромдық жүк тасымалданған. 2020 жылдың бірінші тоқсаны ішінде 1,3 миллион тоннаға жуық жүк (мұнай және мұнай өнімдері, бидай, металл) экспортталған. Импорт көлемі 224,9 мың тоннаны (тұтыну тауарлары, азық-түлік, құрылыс материалдары, цемент) құраған. Порттар шамамен 60,8 мың тонна транзиттік жүктерді (азық-түлік, тұрмыстық техника, дәрі-дәрмек) өндеген. 

Биыл Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің таяудағы Жолдауында «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңін сәтті жүзеге асыру арқылы ел астанасын өзге өңірлермен «сәуле» қағидаты бойынша байланыстыруға мүмкіндік туғанын атап өткен болатын. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық қаңқасы қалыптасып, елдің әлемдік көлік дәліздеріне интеграциясы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырушы буын ретіндегі Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді. 

Алайда, бұл саладағы бәсекелестік өте жоғары. Орталық-Азиялық аймақта Қазақстанның транзиттік әлеуетін төмендетуі мүмкін баламалы жобалар пайда болды. Сондықтан «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзиттік секторының жетекші рөлін нығайтуға бағытталуы керек, - деп атап өтті Президент. 
Елдің транзиттік стратегиясында негізгі провайдер болып отырған «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ үшін бұл көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмыстарды белсенді түрде жалғастыру қажет екенін көрсетеді. 

2020-2025 жылдарға арналған жаңа «Нұрлы жол» бадарламасы аясында жеке инвестициялар есебінен Достық бекетінде төрт жаңа контейнерлік терминал салу жоспарланып отыр. Бұл 2025 жылға қарай контейнерлерді өңдеу көлемінің жылына 1 миллион теңге ЖФЭ-ге (жиырма футтық эквивалентке) дейін артуын қамтамасыз етпек. 

Республикалық бюджет есебінен «Достық-Мойынты» теміржол көлік дәлізін жаңғырту» жобасын іске асыру көзделіп отыр. 

Аталған аумақты жаңғырту аясында жаңа жеке пункттер салу, қолданыстағы жеке пункттерді дамыту және екінші жолдар құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілмек. Осы арқылы өткізу қабілеті екі еседен асып, контейнерлік пойыздар жылдамдығы тәулігіне 1250 км құрайды деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы