2020 жылы қазақстандықтар сапалы ауызсумен қаншалықты қамтылды

8 Қаңтар 2021, 17:05
1829
Бөлісу:
2020 жылы қазақстандықтар сапалы ауызсумен қаншалықты қамтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мәселелері туралы есеп берді. Қазір республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың шақырым болатын 74 топтық су құбыры бар. Жалпы су құбырларына қатысты өткен жылы атқарылған істер мен қол жеткізілген нәтижелерге көз жүгіртсек, деп жазды Strategy2050.kz. 

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкіметтегі жиналыста халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету ол басқарып отырған ведомствоның басты міндеті екенін айтқан еді. Сондай-ақ экология министрлігі су кодексіне сәйкес елді мекендердің шекарасына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады, топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып саналады.

Қазір республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың шақырым болатын 74 топтық су құбырлары бар. Оның ішінде республикалық меншікте 13 мың шақырым құрайтын 37 топтық су құбырлары тіркелген. Олар жалпы бір миллионнан астам адамы бар алты 608 ауылдық елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде, - деді Мырзағалиев.

2000 жылдан бері тұрғындардың ауызсу мәселесін шешу мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылған. Мысалы «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынып, халықты сумен жабдықтау деңгейі 92,6%-ға жетті. Дегенмен, қалған 7,4 пайыз халықты сапалы ауыз сумен қамту міндеті мемлекеттің алдында тұр.

Су құбырлары туралы атқарылған іске есеп берсек, республикалық меншікте 13 мың шақырымды құрайтын 37 топтық су құбыры тіркелген. 2019 жылы Павлодар облысындағы Май, Беловод және Қарағанды облысындағы Жәйрем-Қаражал топтық су құбырлары пайдалануға берілді. Ал 2020 жылы Алматы облысындағы Қаскелең, Қызылорда облысындағы Талап және Жиделі, Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов, Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты топтық су құбырлары бойынша барлық жұмыс аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Министрдің айтуынша, салынған су құбырлары біршама ауыл-аймақты таза ауызсуымен қамтамасыз етіп отыр.

Бұған дейін сапалы суы болмаған 37 ауылдық елді мекен бойынша жаңадан су құбырлары салынып, 46 мыңға жуық тұрғыны таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қоса, бір қала мен 39 ауылдық елді мекеннің ескі су беру жүйесі қайта жөндеуден өтіп, ауызсудың сапасы артады. Өз кезегінде, бұл 287 мың тұрғынды қамтиды, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Қызылорда облысындағы Жиделі топтық су құбырының пайдалануға берілуі нәтижесінде 14,5 мың адам тұратын 8 ауыл сапалы ауызсуға қол жеткізді. Өңірде 2021 жылы Жаңақорған ауданындағы Талап су құбырының құрылысы аяқталмақ. Оның жалпы құны - 5 932,3 млн тенге. Аяқталғаннан кейін 9 ауылға су жеткізу жақсарып, 19,7 мың адам тұратын 3 ауыл ауызсумен қамтылады.

Солтүстік Қазақстан облысында Преснов топтық су құбыры қайта жаңартудан өтіп жатыр. Жобаның жалпы құны - 4 699,6 млн теңге. 2021 жылы ол пайдалануға берілсе, өңірдің 16 мың тұрғыны бар 17 ауылында су беру жақсарады.

 Министрлік 2022 жылдың соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған үш жобаны аяқтауды жоспарлап отыр.

 Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшевтің сөзінше, су құбырларын салу биыл да жалғасады.

Үкіметтің тапсырмасымен министрлік бұрын басталып, аяқталмаған жобаларды қолға алды. Біз 2019 жылы 3 магистральді су құбырын қолданысқа бердік, биыл 1 су құбырын, ал 2022 жылға дейін тағы 3-еуі пайдалануға беріледі. Бұл 210,6 мың адам тұратын 39 ауылды сумен қамтиды, - деді Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары.

Қазір Қазақстандағы қалалардың 97,2%-ы, ал ауылдардың 86,4%-ына орталықтандырылған сумен жабдықтау жеткен. 5 жыл ішінде елде 3 мың шақырым топтық су құбырлары салынады. Осылайша, ауызсумен қамту 100%-ға жеткізіледі.


Өзгелердің жаңалығы