2019 жылы республикалық және квазимемлекеттік 123 нысан сатылымға шығарылады

5 Ақпан 2019, 13:23
2288
Бөлісу:
2019 жылы республикалық және квазимемлекеттік 123 нысан сатылымға шығарылады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов үкімет отырысында мәлімдеді. 

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік экономикадағы жоғары үлесіне назар аударып, жоспардағы нысандардың тек жартысына жуығы ғана жекешелендірілгенін ескерткен болатын. 

«Қазіргі уақытта 470 млрд теңгеге 898 нысанның 473-і сатылып, 280 нысан қайта құру немесе таратуға бағытталды. Кешенді жоспарды орындау көрсеткіші 84% құрап отыр. Ағымдағы жылы жоспар бойынша республикалық, коммуналдық меншік пен квазимемлекеттік сектордағы тағы 123 нысан сатылады деп көзделуде», - деді министр. 

Ол осы бағыттағы шараларды жүзеге асыруды жылдамдату үшін мемлекеттік меншік тізімінің веб-порталындағы жекешелендіру бойынша жол картасына сәйкес түзетулер енгізу қажеттілігін айтты. 

«Мемлекет басшысының жеке тұлғалар үшін салық рахымшылығы бойынша тапсырмасы кешенді және ведомствоаралық сипатқа ие болғандықтан, министрлік жеке тұлғалар үшін салық рахымшылығын жүргізу бойынша жол картасын әзірледі. Жол картасы жеке тұлғалар және қарыз сомасын іріктеу әдістеріне, заңнамаға түзетулер әзірлеуге, сондай-ақ, салық рахымшылығын жүргізу бойынша шараларға бағытталған бірқатар жұмыстарды қамтып отыр. Парламентке түзетулер енгізудің жоспарлы мерзімі 2019 жылдың наурыз айы болса, заң маусым айында қабылданады және жыл соңына дейін салық рахымшылығы жасалады деп күтілуде», - деді ведомство басшысы.
Ақмарал Шағатай 
Өзгелердің жаңалығы