Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыға келетін туристердің 40 пайызын шетелдіктер құрап отыр. Бұл туралы Алматы қаласы әкімді Туризм басқармасының туризмді жүргізу бөлімінің басшысы Аслан Қоңдықанов «Алматының туристік бренді» атты форумда айтты.
Оның айтуынша, өткен жылы қалаға келуші туристердің көлемі 20% өскен. Мұның барлығы Қысқы Универсиада ойындары мен EXPO көрмесін өткізудің арқасында мүмкін болған.
«2018 жылы Алматының халықаралық әуежай арқылы 398 мың жолаушы келген, оның ішінде 28 мың жолаушы жеке іс-сапармен келсе, 13 мың адам туристік мақсатпен келген», - дейді ол.
Сонымен қатар, ол Аламтыға келетіндердің дені көрші Ресей мен Қытай нарығы арқылы келетіндігін айтты. Сондай-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстанға келген туристердің бір бөлігі Алматыға соқпай кетпейді екен.
«Көрші Қырғызстан мен Өзбекстанның туристік компанияларымен де тығыз байланыс орнатылған. Сондықтан ол елдерге келген Еуропалық туристер бізге де келеді», - дейді Аслан Қоңдықанов.
Алматы қаласында 139 саябақ, 15 театр, 20 музей, 265 қонақүй бар. Қазір қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта құру бағытында жұмыс істелініп жатқаны айтылды.
«2017-2018 жылдары қаланың туристік әлеуетін арттыру үшін Euronews сияқты бірнеше туристік бағыттағы телеарналармен ынтымақтаса жұмыс істедік. Өткен жылы 7 ірі халықаралық көрмеге қатысып, Алматы қаласына туристерді тартумен болдық. Шетелдік туроператорларды тарта отырып туристік мәліметтер таратылды», - деді ол.
Қаланың туристік инфроқұрылымын дамыту жолында Алматыдағы тарихи нысандардың 60 пайызы қайта жөндеуден өтіпті. Сонымен қатар туристер үшін әуежай, Медеу, вокзал сияқты орындарда 8 анықтама орыны ашылған.