Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы Токио Олимпиадасының келесі жылға ауыстырылуына байланысты оған 2005 жылғы гимнасшылар қатыса алады, деп хабарлайды Olympic.kz.
FIG ережесі бойынша Олимпиадаға қатысатын гимнасшылардың жасы 16-дан кем болмауы тиіс. Егер де Токио Олимпиадасы биыл өтсе, 2005 жылы туғандар төрт жылда бір келетін халықаралық додаға қатыса алмайтын еді.
Гимнасшыларды Токио ойындарына қатыстыру туралы шешім соңғы аптада өткен FIG отырысында анықталды.
Сонымен қатар, әлемдік ұйым Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі саналатын әлем кубогі мен құрлықтық турнирлерді ауыстыру жөніндегі жоспарын да талқылады.
Бүгінде гимнастикадан 2020 жылғы Токио Олимпиадасына берілетін 324 жолдаманың 75 пайызы үлестірілген.