200 мыңнан басталған бопсалау 400 мыңға жетті: Күдікті ақша алып жатқан сәтте ұсталды

Бопсалаушыдан тінту барысында кастет пен ақша тәркіленді.

 Polisia.kz Бүгiн 2026, 18:31
Бүгiн 2026, 18:31
286
Фото: Polisia.kz

ШҚО-да 26 жастағы күдікті танысынан 400 мың теңге бопсалаған. Полиция оны ақша алу кезінде ұстады. Тінту барысында кастет пен ақша тәркіленді.

Polisia.kz мәліметінше, жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында бопсалаудың 14 дерегі тіркелді. Оның 9-ын облыстық Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері анықтаған.

Облыс орталығында тағы бір қылмыстың жолы кесілді. 26 жастағы азамат танысынан "заң аясында туындаған мәселелерді шешіп беремін" деген сылтаумен 200 мың теңге көлемінде ақша талап еткен.

Жәбірленуші көрсетілген соманы уақытылы бере алмағандықтан, күдікті талап етілетін қаржыны 400 мың теңгеге дейін ұлғайтып, қоқан-лоққы жасау арқылы қысым көрсетуді жалғастырған.

Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін аталған дерек бойынша тиісті іс-шаралар ұйымдастырылып, ақшаның бір бөлігін беру кезінде бақылау жүргізілді.

Нәтижесінде күдікті ақшаны алу сәтінде ШҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен ұсталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің автокөлігі мен тұрғылықты жерінде тінту жүргізіліп, ақшалай қаражат пен суық қару санатына жататын кастет тәркіленді.

Күдіктіге қатысты "үйқамақ" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

Айта кету керек, бопсалау қылмысы көбіне қоқан-лоққы мен қысым көрсетуден басталады. Мұндай жағдайда азаматтарға құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгіну ұсынылады.

Наверх