Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Алматы және Сарыарқа ауданының 200 мың адамына газ жеткізілетінін айтты. Ал 2022 жылы Байқоңыр және Есіл аудандарын газдандыру жұмыстары жүргізіледі.
2021 жылы бірінші кезектің құрылысы, сондай-ақ газдандырудың екінші кезеңі бойынша газдандыру жұмыстары аяқталды. 680 км газ тарату желілері салынды. Алматы және Сарыарқа ауданының барлық 10 тұрғын алабы газбен қамтамасыз етілді. 200 мың адамға газ жеткізілетін болады. Үйлерді газга қосу жалғасып жатыр. Биыл Байқоңыр және Есіл аудандарының газдандыру жұмыстары жүргізіледі, – деді ол.
Газға Нұр-Сұлтан қаласының Көктал-1, Көктал-2, Железнодорожный, Агрогородок, Юго-Восток, Промышленный, Күйгенжар сияқты тұрғын үй алабтары қосылды. Ал Ильинка, Пригородный, Тельман, Өндіріс тұрғын үй алаптарын газға 2022 жылы қосу жоспарланып отыр.
Өткен жылы бірінші және екінші жылу электр стансасына газ берілді. Екінші жылу электр стансасына 6 қазандық, бірінші жылу электр стансасы 7 қазандық газбен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 19 әлеуметтік объектіні газға көшіру бойынша іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үшінші ЖЭС бойынша жобаны түзету аяқталды. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жұмыс басталып, жыл соңына дейін жалғасатын болады. Биыл жылдың соңына дейін үшінші электр стансаның бірінші кезеңін газға қосу жоспарланып отыр, – деді Көлгінов.
Айта кету керек, бесінші кіріс жылу магистралінің құрылысы да аяқталып жатыр және алтыншы кіріс бойынша жұмыс басталды. Олар жаңа құрылыс аудандарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін болады.