Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"200 млн теңге қолма-қол берілді": Перизат Қайраттың схемасы әшкере болды

Олжас АДАЙ
17 Шілде 2025, 17:04
1594
Бөлісу:
 instagram/01pk
Фото: instagram/01pk

Перизат Қайрат ісі бойынша сотта куәгер қор қаржысының қалай қолма-қол ақшаға айналғанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Перизат Қайрат пен Ғайни Алашабаеваға қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот процесінде куәгер "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық қорынан түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру схемасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. 

Оның айтуынша, кәсіпкерлер қордан ақша аударымын алып, банктен шешіп, кейін қолма-қол түрде делдал арқылы жеткізіп отырған. Осылайша делдал арқылы 200 миллион теңгеден астам қаражат өткен.

Куәгер Әділхан Мусиннің сөзінше, 2024 жылдың көктемінде Перизат Қайрат оған тікелей хабарласып, қордан қаржы қабылдай алатын жеке кәсіпкерлерді тауып беруін сұраған. Ол кәсіпкерлер қорға шарт негізінде шот нөмірін ұсынып, ақша алғаннан кейін қаражатты шешіп, делдал арқылы өткізуі керек болған.

Перизат маған жедел түрде зардап шеккен аймақтарға киіз үй, биотуалет және басқа да тауарлар қажет екенін айтты. Кейбір жеткізушілер дайын, бірақ Қытай кәсіпкерлері Қазақстаннан тікелей аударымды қабылдаудан бас тартқанын жеткізді, – деді Мусин.

Төтенше жағдайда (су тасқыны кезінде) қарапайым схема қолданылған. Құжаттар кейде параллель түрде немесе ақша аударымынан кейін рәсімделген. Іс жүзінде кәсіпкерлер қаржыны алып, қолма-қол шешіп, делдалға өткізген.

Жеке кәсіпкерлер ақшаны шешіп, маған берді, мен әрі қарай жеткіздім. Үш мәрте кездестік. Әр ИП шамамен 70 миллион теңгеден алды. Барлығы 12–13 кәсіпкер қатысқан, – дейді куәгер.

Ол ақшаның тек қолма-қол берілгенін айтты.

Сөмкелер ауыр болды. Банк ақшаны буылған күйде берді. Барлығын сөмкеге салып, көлікке тиеп отырдық. Бір жолғы аударым арқылы 200-210 миллион теңге қолма-қол берілген, – деп нақтылады ол.

Сот процесінде кәсіпкерлердің шоттарының бұғатталу жағдайы да қозғалды. Куәгердің мәлімдеуінше, кемінде екі ИП-да Kaspi Bank арқылы қаржы шешуде қиындық туған.

Иә, қауіпсіздік қызметі транзакцияны тоқтатты. Басқа шоттарға ауысуға тура келді. Себебі банк аударымның мақсатты сипатына күмән келтірді, – деді ол.

Сот тарапынан "қандай да бір жазбаша есеп немесе тіркеу жүргізілді ме?" деген сауалға куәгер:

Бұл бәрі сенім негізінде жасалды. Мен ешқандай құжат рәсімдеген жоқпын. Ақшаны алып, әрі қарай беріп отырдым. Ол кезде ешкім тіркеу немесе есеп жүргізуді талап еткен жоқ, – деп жауап берді ол.

Бұған дейін Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты өтіп жатқан сот процесінде тосын жағдай болды.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды

Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған

Өзгелердің жаңалығы