Шымкентте TikTok арқылы жүргізуші куәлігін алып беремін деп уәде беріп, көптеген адамды алдаған интернет-алаяқтық схемасы әшкереленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті TikTok әлеуметтік желісі арқылы алаяқтық схема ұйымдастырған.
Арнайы ашылған парақшада ол жүргізуші куәлігін «жедел әрі қиындықсыз» алып беруге көмектесетін жалған қызметтерді белсенді түрде жарнамалаған.
Клиенттерді тарту үшін сенімді көрінетін бейнероликтер мен жарнамалық жазбалар пайдаланылған. Бұл уәдеге сенген азаматтар көрсетілген шоттарға ақша аударып отырған. Нәтижесінде 45-ке жуық қазақстандық зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын 20 миллион теңгеден асқан. Жедел іс-шаралар барысында күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп, оның өзге де қылмыстық эпизодтарға қатысы тексерілуде, - деп хабарлады Шымкент қаласының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін мерзімі өткен жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болатыны хабарланды.