Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жылжымайтын мүлік жөніндегі мамандардың мәліметше, елімізде соңғы бірнеше айдың ішінде баспана бағасының өскені байқалады. Осы тұрғыда krisha.kz мамандары пәтер жалдап тұратындарға, үй сатып алатындарға кеңес берді. Бұл туралы Алтайньюс сайтында хабарланды.
№2 анықтаманы талап етіңіз
Мамандардың айтуынша, үй сатып алмас бұрын құжаттарын тексеріп, №2 анықтаманы талап етуді ескертті. Себебі кей мүлік банк кепілі немесе сот ісіне қатысты болуы мүмкін.
«Пәтер немесе қандай да бір ғимаратты сатып аларда құжаттарына мұқият мән беріңіз. Ол құжат №2 анықтама деп аталады. Оны мүлік иесімен бірген Халыққа қызмет көрсету орталығына барып аласыз. Құжатта мүлік иесінің аты-жөні, мүліктің қалай, қайдан алынғаны, банктің кепілінде тұрғаны, тыйым салынғаны туралы (болған жағдайда) барлық ақпарат тіркелуі керек. Қажет болса, мүліктің алғашқы иесі мен тарихын сұратуға болады», - дейді мамандар.
Риелторды қалай таңдау керек?
Мамандардың айтуынша, өздерін ақпарат агенттігі деп таныстыратындар, риелторлардың атына кір келтіріп жүр.
«Риелторларға сенім әуелден болмаған, бірақ қазір жағдай реттеліп келе жатыр. Риелторлардың көмегіне жүгінетіндер саны біртіндеп артып келеді. Бұл қызмет заңмен реттелмеген. Соны пайдаланатындар бар. Көбіне адамдар ақпарат агенттігінің қызметіне жүгініп, алданып қалады. Себебі олар клиентті офисіне шақырып, келісімшартқа қол қойғызып, пәтер таппастан бұрын қаржы талап етеді. Кейін нөмірін өшіріп, жоқ болып кетеді. Заңды жұмыс істейтін риелтор алдын ала ақша сұрамайды», - дейді krisha.kz сарапшылары.