Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Ақмарал Науатбекті жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отандасымыз Ақмарал Науатбек Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Франция астанасында өтіп жатқан дүбірлі додада қарындасымыз парадзюдодан J2 санатында сынға түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді. Ел мәртебесін асқақтатқан осы бір жеңіспен чемпионымызды және баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, - деді ол.
Ол ел қоржынында күміс және қола медаль бар екенін атап өтті.
Осылайша, Париж паралимпиадасында ел намысын қорғаған атлеттеріміздің арасынан екі бірдей алтын жүлдегер шығып отыр. Бұл – Қазақстан үшін Паралимпиада тарихында бұрын-соңды болмаған үздік көрсеткіш. Сондай-ақ әзірге ел қоржынында күміс және қола медаль бар екені белгілі. Осы ретте волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрамамыз аталған байрақты бәсекеде 5-орын алғанын айта кеткен абзал. Бұл жетістік елімізде командалық сайыс түрлерінің дамуына зор ықпалын тигізеді деп сенеміз. Жалпы, отандастарымыздың Париждегі жеңісі кейінгі жылдарда елімізде параспортты дамыту жолында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың нәтижесі екені анық. Алдағы уақытта параспортшыларымыздың бұдан да биік белестерді бағындыра беруіне тілекшіміз. Жеңіс тағы да құтты болсын! Алға, Қазақстан, - деп жазды Сенат төрағасы.