Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Бастау бизнес» жобасының сәтті жүзеге асып жатқанын хабарлады.
Оның айтуынша, биыл 2 201 әлеуетті кәсіпкер курстан өткен және оның 277-сі мемлекеттік қолдауға ие болыпты. Жобаның арқасында жұмыссыздар бастапқы капиталға ие болған. Ол үшін кәсіпкерлік курстарынан өту жеткілікті. «Бастау бизнес» қатысушыларын кәсіби бизнес-жаттықтырушылар оқытады, олар қандай қаржы институттарында және қандай шарттар бойынша ісін жаңа бастаған кәсіпкердің бастапқы капиталды алу мүмкіндігі бар екенін айтады.
Бағдарламаға қатысушыларға 200 АЕК көлемінде гранттар бөлінеді – бұл шамамен 500 мың теңге. Бұл ақша өз ісін ашуға жеткілікті. Сондай-ақ, «Учёт.кз» Atameken Business Club платформасы іске қосылды. Енді ниет білдірушілер бухгалтерлік есеп, салық, кадрлар және бизнесті жүргізудің басқа да өзекті мәселелері бойынша тегін онлайн-кеңестер ала алады. Сонымен қатар, сабақтарды Amazon, Wildberries, Yandex Go, Ozon және Satu.kz сияқты ірі холдингтердің өкілдері жүргізеді, - дейді палата директоры.
Сонымен қатар биыл Almaty Business – 2021 оқыту бағдарламасы іске қосылған. Ол жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерін акселерациялауға бағытталған.
Осы бағдарлама аясында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге бизнестің заманауи құралдары үйретіледі. Биыл 1 000 ШОБ субъектісі оқудан өтті. Негізінен олар – азық-түлік және азық-түліктік емес ритейл, қоғамдық тамақтану объектілері, қызмет көрсету саласы, жиһаз, тамақ және тігін өндірісінің өкілдері, - деді А. Қошмамбетов.
Сөзінің соңында Палата директоры кәсіпкерлерді бәсекелестіктен, оқудан үрейленбеуге шақырды. Оның пікірінше, бизнестегі бәсекелестік – дамудың жақсы мүмкіндігі.