Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі ауысты. Бұл қызметке 33 жастағы Әсет Ерғалиев тағайындалды. Ол соңғы 2 жылдың ішінде бесінші рет кресло ауыстырып отыр.
Жаңа министрдің туған жылына қатысты екі түрлі ақпарат бар. Премьер-министрдің ресми сайтында 1986 жылы туған деп жазылған. Ал online.zakon.kz сайтында 1987 жылы 18 маусымда дүниеге келді деп көрсетілген.
Әсет Ерғалиев Қазақстандық менеджмент, экономика және болжамдау институтының (КИМЭП) мемлекеттік саясат экономика саласында бакалавр дәрежесінде үздік тәмамдаған (Алматы, Қазақстан).
Халықаралық Йонкопинг бизнес мектебін халықаралық экономика саласында ғылым бакалавры дәрежесімен (Jönköping University, Швеция), Йорк университетін экономикадағы ғылым магистрі дәрежесімен (University of York, Ұлыбритания), Ноттингем университетін экономикадағы философия магистрі дәрежесімен (The University of Nottingham, Ұлыбритания) аяқтаған.
Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінің PhD докторы дәрежесін иемденген (Лондон, Ұлыбритания).
Еңбек жолын Лондондағы Еуропалық даму және қайта құру банкінің (ЕДҚБ) Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия бойынша экономика департаментінің аумақтық экономисті ретінде бастаған.
2013 жылғы қаңтардан бастап 2016 жылғы маусым аралығында “Экономикалық зерттеулер институты” АҚ Кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры, басқарма төрағасының орынбасары, басқарма төрағасы лауазымдарын атқарған. 2016 жылғы желтоқсаннан бастап 2017 жылғы шілде айына дейін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі болып қызмет істеген.
2017 жылғы тамыздан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесінің Жобалауды басқару орталығында жұмыс істеді. Сосын 2018 жылдың шілде айынан бастап жиі қызмет ауыстыруға көшті. Алдымен, екі ай Премьер-министр кеңсесінің жобалауды басқару орталығының меңгерушісі қызметін атқарды. Одан кейін 2018 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың наурыз айына дейін Ұлттық экономика вице-министрі болды. Сосын 2019 жылдың наурызынан тамызына дейін Премьер-министрдің кеңсесі басшысының орынбасары болып жүрді. Ал сол жылғы тамыздан бері Ұлттық экономика вице-министрі ретінде қайта тағайындалды.
Айта кетейік, бүгін Ақорданың ресми сайты Президенттің Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы туралы Қаулысын жариялады. Қаулыға сәйкес Экономика министрі болып Әсет Ерғалиев тағайындалды.