1975 жылдан кейін туған қазақстандықтарға жаңа төлем төленеді

6 Қыркүйек 2024, 13:52
4504
Бөлісу:
1975 жылдан кейін туған қазақстандықтарға жаңа төлем төленеді
Фото: Арман Мухатов - Архив

Оны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) салымшылары өмір бойы ала алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елімізде жаңа зейнетақы жинақтары есебінен төленетін төлемді анықтайтын қағидалар күшіне енді. Бұл жаңа төлем – "жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары" (ЖМЗЖ) деп аталады және оны жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне биылғы 2024 жылдың 1 қаңтарынан аталған қорға аудара бастады. Кейін сол қызметкерлер зейнеткерлікке шыққанда осы жарналардан оған зейнетақысына қоса, өмір бойғы төлем де төленеді.

Жаңа қағидаларға сәйкес, енді әрбір жұмыс беруші БЖЗҚ-ға қызметкердің табысынан ұсталатын міндетті 10%-дық жарналардан бөлек, өз қаражаты есебінен қосымша жарна аударуға міндетті. Яғни, жарналарды төлеу ұйым-компанияның өз қаражатынан жүзеге асырылады, бірақ олардың мөлшері қызметкердің табысына қарай есептеледі. ЖМЖЗ кезең-кезеңмен ұлғайтылады:

· 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – жалақының 1,5%-ы;

· 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 2,5%;

· 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 3,5%;

· 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 4,5%;

· 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 5%.

Бұл ретте ЖМЗЖ тек 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туылған жұмыскерлерге ғана аударылады. Мұнда қызметкердің ай сайынғы табысы ең төменгі жалақы мөлшерінен (2024 жылы – 85 мың теңгеден) төмен болмауға тиіс.

Сондай-ақ айлығы 50 ең төменгі жалақы мөлшерінен немесе биыл 4 250 000 теңгеден асатын аса ауқатты қызметкерлерге де ЖМЗЖ аударылмайды. Мысалы, Inbusiness.kz таяуда қоғам қайраткері Бақытбек Смағұлға сілтеме жасап, "Эйр Астананың" вице-президенттерінің 36 миллион теңге айлық алатынын жариялаған болатын.

Қалай болғанда, айына 4 миллион жалақы алмайтын өзге қазақстандық жұмысшыларға аударылатын жаңа жарна олардың айлығынан ұсталатын 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасына қосылмайды, БЖЗҚ салымшыларының шартты шоттарында жеке сақталады.

Неге тек 1975 жылдан кейін туылғандар ғана ЖМЗЖ ала алады? Өйткені қызметкерлердің осы санатының 1998 жылға дейінгі жұмыс өтілі жоқ немесе мардымсыз. Салдарынан, бірен-саранын қоспағанда, негізінен олар қазіргі зейнетақы компоненттерінің басым бөлігін құрайтын ынтымақты зейнетақыны ала алмайды. Салдарынан, осы азаматтардың зейнетақысы болашақта тек үш құрамдауыш-компоненттен тұратын болады: мемлекет бюджеттен төлейтін "базалық зейнетақы", БЖЗҚ салымшысының өзі жинақтаған жарнасынан төлейтін "жинақтаушы зейнетақы" және ЖМЗЖ есебінен аударылатын "шартты-жинақтаушы зейнетақы".

Қазақстандықтардың айлығынан тұрақты ұсталатын немесе азаматтар өз бетінше аударатын міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ) – олардың жеке меншігі саналады. Тиісінше, егер олар шетелге көшсе, өзімен алып кете алады. Мезгілсіз өмірден өтсе, мирасқорларына мұраға қалады.

Одан айырмашылығы сол, ЖМЗЖ – жұмыскердің меншігі болып табылмайды. Дүние салса, елде отырып, азаматтығын ауыстырса, немесе тұрақты тұруға шетелге көшсе, төлем тоқтатылады. Қаржыгер Григорий Марченконың түсіндіруінше, ЖМЗЖ әрбір азаматтың жеке меншігі болмағандықтан, мемлекет оны жұмыс берушілері тым аз немесе тұрақсыз түрде жарна төлейтіндерге қайта бөліп, солардың зейнетақысын өсіруге пайдаланады. Егер әрбір жұмыс беруші өз жұмысшысына аударатын осы жарнаны әрбір азаматтың меншігі етсе, бұл әлдеқайда әділетті болады.

Сонымен бірге, ЖМЗЖ есебінен 1975 жылы және одан кейін туған қазақстандықтарға шартты-жинақтаушы зейнетақының қалай төленетіні белгілі болды. "ҚР нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде" осы төлемдердің мөлшерін анықтайтын және жүзеге асыру тәсілдемелерін бекітетін қаулы орналастырылды.

Құжат – "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін айқындау және оны жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы"- деп аталады.

Оған сәйкес, ЖМЗЖ есебінен төленетін зейнетақы төлемдері келесі шарттар орындалса ғана беріледі:

· жұмыс берушілері жұмыскеріне осы жарнаны жалпы жиынтығында кемінде 60 ай (5 жыл) аударуға тиіс,

· жұмыскер зейнеткерлік жасқа жетуі қажет,

· немесе егер ол жарымжан болып қалып, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға беріледі.

ЖМЗЖ зейнетақы төлемінің ең жоғары сомасы тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Биыл бұл 86 814 теңгеге тең. Бірақ зейнетақы қоры мамандарының түсіндіруінше, ЖМЗЖ төлемі Қазақстанда тек 2029 жылдан төлене бастайды. Өйткені талап бойынша жұмыс берушілер кем дегенде 60 ай жарна аударуы шарт. Демек, 2029 жылы ең төмен күнкөріс деңгейі де басқаша болады.

Мұның бәрі – қолданыстағы тәртіп пен талаптар. Олар алда шамалы өзгеруі мүмкін. Өйткені Үкімет зейнетақы реформасын қолға алып жатыр. Мысалы, "БЖЗҚ" АҚ-ының Жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас маманы Меруерт Исабекованың айтуынша, сарапшылар "4+1" үлгісін ұсынып отыр.

Эксперттер болашақ зейнеткерлердің шартты шоттарында жеке сақталатын ЖМЗЖ-ні бөлек ұстамай, оның басым бөлігін салымшылардың жеке шоттарына көшірген жөн деп отыр. Сонда бұл жарна да оның меншігіне айналады және зейнетақы жинағының мөлшерін арттырады.

Олардың байламынша, жұмыс берушілерді өз жұмыскерлеріне жаңа жарна төлеуге міндеттеу керек. Ол төлем жасына қарамастан, 1975 жылдан бері не ары, жас не кәрі деп бөлмей, барлығына бірдей аударылуы керек.

Бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры белгілі экономист-қаржыгерлер Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Болат Жәмішев, Қадыржан Дамитов, Әнуар Сәйденов, Елена Бахмутова, Гүлфайрус Шайқақованың қатысуымен жаңа реформаны пысықтап жатыр. Жүйені жаңғыртудың нәтижесінде бір жағынан, зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы қамтамасыз етілуге тиіс. Екінші жағынан, болашақ зейнеткерлердің алатын зейнетақысының көлемі оның сіңірген еңбегіне сайма-сай, лайықты болуға тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, шартты-жинақтаушы модель бойынша ЖМЗЖ болашақта мүлдем жойылатын ортақ (ынтымақты) зейнетақының орнын толтырып, өтей алмайды. Жинақтардың лайықтылығын және жинақтаушы зейнетақы төлемдерінің өмір бойы төлеуге жетуін қамтамасыз ету үшін сарапшылар мынадай ұсыныстар жасады: біріншіден, ЖМЗЖ-ны енгізудің "шартты-жинақтаушы нұсқасын" – жұмысшылар мен жұмыс берушілер үшін түсінікті және анағұрлым әділ "аралас нұсқамен", яғни, "4+1" моделімен ауыстыру керек, – деп түсіндірді қор өкілдері.

4+1 деген нені білдіреді? 

Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарының (ЖМЗЖ) көлемі 2028 жылғы 1 қаңтарда жалақының 5 пайызына жеткізілмек. Сонда, экономистер мен қаржыгерлердің бастамасы бойынша:

·ЖМЗЖ-ның 4%-ы жұмысшылардың жеке зейнетақы шоттарына бағытталуы қажет (тиісінше, осы жинақтарға да оның меншік құқығы мен мұраға қалдыру құқығы беріледі),

·ЖМЗЖ-ның қалған 1%-ын жинақтаушы зейнетақы төлемдерінің өмір бойы төленетінін кепілдендіретін арнайы шотқа жіберген орынды. Бұл шот – "төлемдердің өміршеңдігіне кепілдік берудің арнайы шоты" (ТӨКШ) аталады.

Арнайы шоттың мақсаты – егер салымшы ұзақ өмір сүріп, төл жинақтарын тауысып қойса, онда зейнетақы төлемдерінің ары қарай, өмір бойы төленуін қамтамасыз ету. Бірақ оны төлеудің бір талабы болуға тиіс: азаматта жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысудың ең төменгі өтілі (ең кемі 15-20 жыл) болуы, немесе онда жинақтаудың ең төменгі сомасы болуы шарт, – дейді сарапшылар тобы.

Қор мамандарының пікірінше, жинақтаушы зейнетақы төлемдерінің өмір бойы төленетінін кепілдендіру немесе аннуитизация – адал жұмыскерлерді қарттық шағының бүкіл кезеңінде, ең төменгі әлеуметтік стандарттан, яғни, ең төменгі жалақыдан төмен болмайтын көлемде жиынтық зейнетақымен қамтамасыз етеді.

Үкімет пысықтап жатқан сарапшылардың тағы бір бастамасы – "1975" деген шектеуді жоюды қарастырады.

Ынтымақты зейнетақының объективті түрде қысқаратынын ескерсек, ЖМЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыруға барлық азаматтың тең қол жеткізуін қамтамасыз ету және қазіргі кезде көзделгендей, тек 1975 жылдан кейін туғандармен шектеуді жою – өте маңызды. Өйткені ЖМЗЖ жауапкершілікті мемлекет, қызметкер және жұмыс беруші арасында бөлу қағидаттарына сай, зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру үшін енгізілді, – деп хабарлады БЖЗҚ.

Қор қаржыгер-экономистердің ұсынысын қолдап отыр, бірақ соңғы сөз – ел басшылығында. Оның не шешім қабылдайтыны белгісіз. Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына соңғы жолдауында зейнетақы жүйесі және болашақ зейнеткерлердің ауыр жағдайы туралы ештеңе атпады.

Өзгелердің жаңалығы