19 қазанда Қазақстанның бірнеше өңірінде үсік, қатты жел және тұман күтіледі. Осыған байланысты «Қазгидромет» бірқатар аймақта дауылды ескерту жариялады. Жетісу облысында түнде ауа температурасы -7 градусқа дейін төмендейді. Тағы төрт өңірде де үсік жүреді деп болжанған.
Елдің солтүстігінде, батысында және солтүстік-батысында жаңбыр жауады. Ал қалған аумақтарда антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
«Республика бойынша жел күшейіп, түнде және таңертең тұман түседі», – делінген синоптиктер болжамында.
Үсік пен қатты жел күтіледі
Жетісу облысында түнде ауа температурасы -2…-7 градусқа дейін төмендейді. Түркістан облысының солтүстігінде, Жамбыл облысының шығысында, Алматы облысының солтүстігі мен батысында -1…-3 градус үсік жүреді. Қызылорда облысының солтүстігінде топырақ бетінде -1 градусқа дейін үсік күтіледі.
Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында күндіз желдің екпіні секундына 23–28 метрге жетеді. Петропавлда да жел осындай жылдамдықпен соғады. Көкшетауда жел екпіні секундына 23 метрге, Қостанайда 15–20 метрге дейін жетеді.
Павлодар, Жамбыл және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Маңғыстау облысында секундына 15–18 метр, Қарағанды облысында 15 метрге дейін жетеді.
Тұман түсіп, өрт қаупі сақталады
Түнде және таңертең Астана, Қарағанды, Семей және Өскемен қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының, Абай және Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында тұман түседі. Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аймақтарында да тұман күтіледі.
Қызылорда облысының басым бөлігінде, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды облыстарының, Ұлытау және Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында, сондай-ақ Атырау, Жезқазған және Қызылорда қалаларында төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Түркістан облыстарының кей жерлерінде жоғары өрт қаупі болжанып отыр.