19 кәсіпкер 5 млн теңгеге дейінгі грантқа ие болған – Павлодар облысы

12 Қыркүйек 2020, 06:32
1341
Бөлісу:
19 кәсіпкер 5 млн теңгеге дейінгі грантқа ие болған – Павлодар облысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кәсіпкерлердің жобасын жүзеге асыруға 18 ай уақыт беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Дархан Ермағамбетов мәлім етті.

Биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға облысымызда 3,8 миллиард теңге бөлінген. Несиелерді субсидиялауға 1,6 миллиард, кепілдендіруге - 836,9 миллион, жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу құралына – 1,2 миллиард, жаңа бизнес идеяларды жүзге асыру үшін гранттар беруге – 82 миллион теңге бөлінді, - деді Дархан Ермағамбетов.

Спикердің айтуынша, 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беруде жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік аз қамтамасыз етілген топқа жататын адамдарға басымдық беріледі. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілгендер қатарына 1-2 топтың мүгедектері, зейнеткерлер, қандастар, толық емес отбасылар, ауыр науқасқа шалдыққандар, ата-анасыз қалған балалар және басқалары жатады.

Грант алғандарға жобасын жүзеге асыруға 18 ай беріледі. Сондай-ақ олар тек жаңа құралдар сатып ала алады. Сатып алу қолма-қол ақшасыз жүргізілуі тиіс. Бұл бағытта бөлінген 82 миллион теңгенің 39 миллионы – жастарға, 43 миллион теңгесі қалғандарына бөлінді. Биыл гранттарды тағайындауға байқау 2 лекпен өтті. Жыл басындағы 1-лекке 168 кәсіпкер қатысты. 2 лекте 153 өтініш түсті. Барлық қатысушылардың ішінде 60 жас, 55 әлеуметтік аз қамтамасыз етілген кәсіпкер бар. Комиссия 19 қатысушыны таңдап алды. Оның ішінде 9 – жас кәсіпкер, 7 – әлеуметтік, 3 – ең үздік жобалар. Оларға қаржы берілді. Бүгінде жобалар жүзеге асырылуда, - деді Дархан Ермағамбетов.

Ал инфрақұрылым тарту бағытында жобалардың максималды сомасы 1 миллиард теңгеден аспауы тиіс. 2020 жылы бұндай 9 жоба жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, өңірлік кәсіпкерлік жөніндегі кеңестің шешімімен 18 жоба қолдау тапты. Басқарма жұмысында 3 жоба бар. Олардың инвестициялық көлемі 9 миллиард теңгеден астам. Инфрақұрылым бағасы – 2 миллиард теңгеге жуық. Жалпы, инфрақұрылым тарту бағытындағы жобалардың басым бөлігі егін суаруға қатысты, - деді бөлім басшысы.

Сонымен қатар, бүгінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлерге цифрлық қолдау көрсету мақсатында «Қолдау» жүйесін дайындауда. Кәсіпкерлер енді өтініштерін сайт арқылы бере алатын болады. Соған сәйкес өтініштерді қарау уақыты қысқарады.



Өзгелердің жаңалығы