2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының резидент еместер алдындағы барлық өтелмеген сыртқы міндеттемелерінің жиынтық көлемі 171,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл деректерді Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жариялады. Жыл басынан бері көрсеткіш шамамен 7 млрд долларға өскен. Аталған өсім экономикалық қауіпті білдіре ме, әлде инвестициялық белсенділіктің салдары ма? Сарапшылар не дейді? Толығырақ BAQ.KZ материалында.
Сыртқы қарыз не себепті өсті?
Ұлттық банк мәліметінше, қарыздың өсуіне ең алдымен төлем балансы операциялары әсер еткен - 5,3 млрд доллар. Ал қалған 1,4 млрд доллар валюталық бағамдардың өзгеруі, активтердің қайта бағалануы және өзге де техникалық факторлармен байланысты.
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, бұл өсімнің өзі сыртқы шоктың салдары емес, керісінше, ірі жобалар мен корпоративтік сектордың қаржылану белсенділігімен тығыз байланысты.
Сыртқы қарыздың өсуін қауіп ретінде қабылдауға болмайды. Маңыздысы қарыздың көлемі емес, оны көтере ала білу қабілеттілігімізде. Қазақстан жағдайында сыртқы қарыздың көп бөлігі мемлекеттік сектор мен жеке компанияларға тиесілі екені белгілі. Мемлекеттік сыртқы қарыздың жалпы ішкі өнімге қатынасы халықаралық қауіпсіз деңгейден төмен, - дейді ол.
Ұзақ мерзімді қарыз: Тұрақтылық па, әлде тәуелділік пе?
Қарыз құрылымына назар аударсақ, сыртқы міндеттемелердің 150,5 млрд доллары - ұзақ мерзімді қарыз. Қысқа мерзімді қарыз көлемі салыстырмалы түрде төмен - 21 млрд долларды құрап отыр.
Бұл құрылым өтімділік тәуекелдерін азайтқанымен, ұзақ мерзімде пайыздық мөлшерлемелердің өсуі, ғаламдық қаржы нарықтарындағы құбылмалылық қарызға қызмет көрсету шығындарын арттыруы мүмкін.
Ұзақ мерзімді қарыздың оң және теріс жағы да бар. Пайдасы – ұзақ мерзімде төлемі аз болып, қаржы тұрақтылығын ұзақ сақтауға мүмкіндік береді. Ал тәуекелдігі - бұл болашақ ұрпаққа қарыз жүктемесі өтеді,- дейді Бауыржан Ысқақ.
Сыртқы қарыздың ең ірі бөлігі мұнай-газ секторына тиесілі
Салалық тұрғыда сыртқы қарыздың ең ірі бөлігі мұнай-газ секторына тиесілі -70,8 млрд доллар. Бұл Қазақстан экономикасының шикізатқа тәуелділігін тағы бір мәрте көрсетеді. Сонымен қатар, қаржы және сақтандыру саласының қарызы - 24,2 млрд доллар.
Елдер бөлінісінде міндеттемелердің негізгі бөлігі Нидерландтар, Ресей, АҚШ және халықаралық ұйымдар алдында шоғырланған. Мұндай географиялық концентрация да геоэкономикалық тәуекелдерді арттыра түседі.
Таза сыртқы қарыз нені аңғартады?
Сыртқы активтерді шегергендегі таза сыртқы қарыз көлемі 40,4 млрд долларды құрайды. Бұл көрсеткіштің жылдық өсімі - 13%.
Экономист Бауыржан Ысқақ пікірінше, дәл осы көрсеткіш елдің нақты сыртқы қаржылық позициясын көрсетеді.
Таза сыртқы қарыздың жылдық өсімі экономикаға белгілі бір деңгейде қысым тудырады. Валютаға сұраныс өседі, яғни теңгеге қысым. Бұл бюджет пен компаниялар шығынын арттырады. Сосын сыртқы шоктар кезінде мұнайдың бағасы өседі. Ал ол экономикаға өзіндік әлсіз жағдайын тигізеді, - дейді экономист.
Сондай-ақ сарапшы егер қарыз инвестицияға, өндіріс пен экспортты арттыруға бағытталса бұл қалыпты жағдай болып табылады. Ал егер ағымдағы шығындарды жабуға кетсе, онда бұл ұзақ мерзімді мәселеге айналуы мүмкін екендігін айтады.
Не өзгеруі мүмкін?
Қазақстанның сыртқы қарызы қазіргі таңда басқарылатын деңгейде болғанымен, оның құрылымы мен шоғырлануы белгілі бір тәуекелдер туғызады. Әсіресе мұнай-газ секторына тәуелділік пен валюталық факторлар алдағы жылдары негізгі сын-қатерге айналуы мүмкін.
Экономист алдағы 3 жылдықта Қазақстанның сыртқы қарызы мынадай үш сценарий бойынша өзгеруі мүмкін деп болжайды.
Базалық сценарий: сыртқы қарыз баяу өседі немесе қазіргі деңгейде сақталады. Екіншісі мұнай бағасы төмендеп, бюджет тапшылығы ұлғаяды. Немесе экспорт пен өңдеу өнеркәсібі өсіп, сыртқы қарыз тұрақталады, - деп болжайды экономист.
Сондай-ақ ол Қазақстан үшін ең басты қауіп қарыз емес, экономиканың құрылым екенін алға тартты.