17 жастағы ауыл оқушысы 22 балаға грант ұтып алуға көмектесті

Қатарластарын оқытқан оқушының еңбегі нақты нәтижеге айналды.

 IQanat Бүгiн 2026, 11:23
Бүгiн 2026, 11:23
133
Фото: IQanat

Алматы облысында тұратын 11-сынып оқушысы Диас Абдылхак бір жыл ішінде 79 оқушыға физика пәнінен тегін көмектесіп, олардың 22-сі білім грантын жеңіп алуына ықпал етті. Оның тәжірибесі ауыл жастары арасындағы өзара білім алмасудың тиімді үлгісіне айналып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Диас - Алмалыбақ ауылының тумасы. Ол жоғары сыныпта жүріп-ақ өзінен кіші оқушыларға сабақ түсіндіруді бастаған. Айтуынша, бұл оған бала кезден таныс рөл.

Мен үйдің үлкенімін, сондықтан біреуге «аға» болу мен үшін бала кезден үйреншікті нәрсе. Мен оқушыларға әрқашан көмек қолымды созып, білмегенін түсіндіремін. Уақыт өте келе бұл менің өзіме де күш беретінін сезіндім, – дейді ол.

Біртіндеп бұл бастама жүйелі жұмысқа айналған. Диас онлайн форматта сабақ өткізіп, кейін офлайн кездесулерде дайындықты жалғастырған. Нәтижесінде оның көмегін алған ондаған оқушы білімін жақсартып, олардың бір бөлігі грант иегері атанды.

Бұл тәсіл білім берудегі «peer-to-peer» немесе оқушылардың бір-біріне көмектесу қағидатына негізделеді. Халықаралық зерттеулерде дәл осындай форматтың тиімді екені дәлелденген: оқушы материалды өз деңгейінде, қарапайым тілмен түсіндіргенде, ақпарат тезірек әрі жеңіл қабылданады. Сонымен қатар түсіндіруші тарап та өз білімін тереңдете түседі.

Диастың жеке жолы да оңай болмаған. Ол кезінде іріктеуден өте алмай қалғанымен, дайындықты тоқтатпай, керісінше өзгелерге көмектесуді жалғастырған. Кейін оның еңбегі бағаланып, ол ауыл оқушыларына арналған IQanat білім беру бастамасы аясында оқу мүмкіндігіне ие болды.

Қазір ол оқуын жалғастыра отырып, жаңа оқушыларды дайындауды тоқтатпаған. Биыл да ауылға барып, жас буынға көмектесіп жүр. Оның шәкірттері кезекті іріктеу кезеңдерінің нәтижесін күтіп отыр.

Наверх