Елімізде уақытша есепке алу шарасы біткенге дейін, полиция тарапынан ешқандай қысым болмайды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
17 шілдеге дейін Еуразиялық одақ елдерінен әкелінген көліктерге мүмкіндік бердік. Өйткені, бұл көліктерді уақытша есепке алу үшін тіркеуге арналған қосымша сервис әзірленді. 17 шілдеден бастап бұл сервис толыққанды жұмысын бастайды. Сондай көлік иелері 17 шілдеден бастап бүкіл "автоцондарға" барып, тіркеле алады. Бір айдың ішінде оларға әзірше ешқандай шара қолданбаймыз. Бұл көлік иелеріне көліктерін жаймен тіркетіп алуға мүмкіндік береміз. Бірақ, бұл тағы да ақырына дейін созып жүріп алу керек деген сөз емес. 17 шілдеден бастап Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, уақытша есепке қойғызу керек. Уақытша есепке қою шарасы біткенге дейін ешкімге тиіспейміз. Уақытша есепке алу тіркеуі біткеннен кейін шаралар қабылдай бастаймыз, - деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, елімізде 205 915 шетелдік автокөлік есепке қойылғаны анықталды. Бұдан бөлек полицейлердің шетелдік автокөліктердің құжаттарын тіркеп беремін деп халықты сан соқтырғаны белгілі болды.