Қазақстанда 2025 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша 16,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға артық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Үкімет отырысында мәлімдеді.
Айтуынша, 2025 жылға тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоспарлы көрсеткіш 19,2 млн шаршы метр деңгейінде белгіленген. Елдің 17 өңірінде оң динамика тіркелген. Тұрғын үй құрылысы көлемінің ең жоғары өсімі Қарағанды және Алматы облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысында байқалған.
Сонымен қатар бірқатар өңірде көрсеткіштердің төмендеуі тіркелді. Абай, Атырау және Маңғыстау облыстарында тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі азайған.
Маңғыстау облысында көрсеткіштің 54,1%-ға төмендеуі Ақтау қаласының Бас жоспарында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерінің болмауына, сондай-ақ құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты. Инженерлік инфрақұрылымға түсетін қосымша жүктеме де өңірдегі жобаларды іске асыру қарқынын бәсеңдетті, - деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ ол өңірлердегі көрсеткіштің төмендеу себебіне тоқталды.
Мысалы, Абай облысында көрсеткіштің 32,6%-ға төмендеуі жылу жүйелеріне қосылуға техникалық шарттар беруге енгізілген мораториймен байланысты. Соның салдарынан көпқабатты тұрғын үйлер бойынша жобалар жоқ. Ал Атырау облысында да шамалы төмендеу тіркелді. Мұнда 0,7%-дық төмендеу Қызылқоға ауданында бір көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру актісінің қол қойылмауымен байланысты, – деді Олжас Сапарбеков.