Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылғы жұмысын қорытындылап, 2020 жылға арналған жоспары бойынша алқа отырысын өткізді.
Іс-шара аясында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов көші-қон процестерін реттеу және ішкі еңбек нарығын қорғау мәселелері туралы айтты.
1991 жылдан бері 1 миллион 57 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алды. 2019 жылы республикаға 9 993 отбасы, яғни 17,7 мың этникалық қазақ келді, 597 қандас отбасы (2 мың адам) ШҚО, СҚО, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары сияқты қабылдау өңірлеріне қоныс аударды. Азаматтық алу үшін құжаттарды тапсырып үлгермеген 8,2 мың этникалық қазақ өткен жылғы қандас мәртебесін ұзарту бойынша біржолғы акция шеңберінде Қазақстан азаматтығын алды, - деді министр.Оның айтуынша, 2020 жылға шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға қысқарып, 29,3 мың бірлікті құрады.
2019 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлінген квота шеңберінде жергілікті атқарушы органдар 25,5 мың рұқсат берді. 2019 жылға квота 48,7 мың бірлікті құраған еді. Оның ішінде компания басшылары, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелер менеджерлері мен білікті мамандарға рұқсаттардың 80%-ы берілді. Жұмыс берушілер 8,2 млрд теңге салық алымын төледі. Сонымен қатар, компаниялар кадрлардағы қазақстандықтарды қамтуды қамтамасыз ету талаптарын сақтауда, оның үлесі 96%-ды құрайды, – деді Біржан Нұрымбетов.