Бүгін Сенат отырысында палата спикері Мәулен Әшімбаев АЭА-ның тиімсіз жұмысын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенат төрағасы атап өткендей, мемлекет Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға қомақты қаражат салып отыр. Бұл ретте, салықтық түсімдер салымдардың 10%-на әрең жетеді. Арнайы аймақтың инфрақұрылымдық жабдықталу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.
Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігі мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Атырауда «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА жұмыс істейді. Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне сәйкес, мемлекет бұл АЭА-ға 162 млрд теңге салған. Сонымен қатар 2013-2020 жылдар аралығында осы аймақтарға қатысушылар 16 млрд теңге сомаға салық төледі. Яғни мемлекет салған соманың 10%-ын алды. Әрине сіз бұл тек бастамасы деп айта аласыз, бірақ біз фактілерді көріп отырмыз, – деді Сенат төрағасы.
Палата төрағасы АЭА тиімсіздігі мәселесі мұнымен шектелмейтінін айтты.
Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, квазимемлекеттік сектордың ресурстарын пайдаланудың орнына, нақты инвестицияларды, яғни отандық және шетелдік компанияларды тартуға баса назар аудару керек.
Атырау АЭА инфрақұрылымы тек 17%-ға қамтамасыз етілген. Демек, инфрақұрылымның 80%-дан астамы салынбаған. Тағы бір факт бар. Онда салынған инвестициялардың 99,6%-ы квазимемлекеттік сектордың инвестициялары, ал АЭА шетелдік және отандық инвестицияларды тарту үшін құрылады. Яғни біз АЭА құрамыз, инвестиция саламыз, салық түрінде тек 10% қайтарым аламыз, бұл ретте квазимемлекеттік компанияларды инвестициялаймыз. Сонда біз қандай тиімділік туралы айта аламыз? Квазимемлекеттік сектор бұл кәсіпорындарды инвестициялап, сала алар еді, - деді Мәулен Әшімбаев.
Осыған байланысты ол Сенаттың бейіндік комитетіне мәселені жан-жақты зерделеуді және осы айдың 15-не дейін ұсыныстар беруді тапсырды.