1500 градус температурада жалындаған оттың ортасында еңбек етеміз – көрікші

29 Қаңтар 2019, 11:12
4348
Бөлісу:
1500 градус температурада жалындаған оттың ортасында еңбек етеміз – көрікші

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Алып өндіріс пен ауыр техника, балқыған болат пен ыстық температура. Қиын да күрделі еңбек иелері – металлургтердің өндірістегі қызметінің өлшеусіз екендігі белгілі. Оның ішінде домна пешінің көрікшілері алапат ыстық пен аса ауыр жағдайда жұмыс істейді. Теміртаудағы металлургия комбинатының домна пешінде еңбек ететін Мұстафа Абдоллаұлы қайнаған от пен балқыған болаттың ортасында жұмыс істеудің қиындығы жайлы айтып берді.

1500 градус температурада жалындаған оттың ортасында еңбек етеміз – көрікші

Мұстафа Абдоллаұлы «АрселорМиттал Теміртау» өнеркәсібіндегі еңбек жолын 2013 жылы бастаған. Бүгінде білікті металлургке айналған жігіт от пен жалынның ортасында жүріп, қиындыққа төзуге төселгеніне бес жылдай уақыт болғанын айтады.

«Теміртаудың тумасымын. Ғабиден Мұстафин атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін Теміртау политехникалық колледжінің «Металлург» мамандығын таңдадым. Жалпы көптеген теміртаулықтың өмірі, отбасы, жұмысы өндіріспен, металлургия комбинатымен тығыз байланысты. Менің де осы саланы таңдауыма құрышты қалада өмірге келуім себеп болған шығар. Бүгінде Ұлт Көшбасшысы еңбек жолын бастаған кәсіпорында еңбек етемін. Елбасымыз сияқты менде домна пешінің жанында болат балқытып, қалыпқа құямын», - дейді жас металлург.

Өндірісте шыңдалып, өз ісінің шеберіне айналған көрікші Мұстафа бұл жұмыстың қауіптілігінің жоғары екендігін айтады.

«Бес жыл болды осында еңбек етіп келемін. Көп нәрсені үйрендім. Көрікші қызметінің қиындығы мол, қауіптілігі аса жоғары. Біз домна пешінде 1500 градус температураның ортасында еңбек етеміз. Өзіңіз салыстырып көріңізші, жазда 30 градус ыстыққа әзер шыдайсыз, ал біз одан елу есе жоғары температурада жалын атқан пештің жанында еңбек етеміз. Ыстықта барлық дене мүшең ауырлай түседі, қолыңды да әзер көтересің, күректің де ауырлығы еселене түседі. Адам төзгісіз ыстықтан көрікшілерді киізден жасалған арнайы киімдер қорғайды. Жоғары температура ортасында осы киімдерді киіп ғана жұмыс жасауға болады», - дейді Мұстафа.

Көрікші еңбегінің лайықты бағаланатынын тілге тиек етті. Жас металлург жұмысының қиындығына қарамастан мамандығына адал болып, ел болашағының жарқын болуына септігін тигізсем деген мақсатына жетуге асығады.

«Металлургтердің өмірі жалындаған отпен, қайнаған қызу еңбекпен тығыз байланысты. Сондықтан да болар өмір сүруді, өзгелерді сыйлауды, отбасыңды құрметтеуді алдыңғы орынға қоямын. Менің отбасымда ата-анам, әпкелерім, қарындасым, жарым және екі балам бар. Жұмыстан қолым сәл босай қалса отбасыма асығып, бос уақытымның барлығын балаларыма арнауға тырысамын. Жалақым жанұямды асырауға жетерліктей. Осыдан бірнеше жыл бұрын жас отбасыларға арналған мемлекеттік баспана бағдарламасымен пәтерге ие болдық. Елбасымыздың жастарға деген қолдауы мен өзім еңбек ететін компания берген мүмкіншіліктің арқасында өсіп-өркендеп жатырмыз деп ойлаймын», - дейді Мұстафа Абдоллаұлы.

Мұстафа комбинаттағы жұмысынан бөлек қоғамдық істерге де белсене араласады. Ол «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Қазіргі уақытта жұмыс істей жүріп, жоғары білім алуда.

«Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы еліміздің біз сияқты жастарына серпін беріп, қозғау салды. Мен еңбек ететін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында жас мамандар өте көп. Олардың әрқайсысы жастарға деген қолдауды сезініп, осыдан қуат алуда. Бізге артылған жауапкершілік жүгінің де ауырлығын сезініп, қиындығы мен қауіптілігі жоғары металлург қызметін абыроймен атқаруды қалаймыз», - дейді М.Абдоллаұлы.

Жібек Мұқашева

Фотолар: отбасылық мұрағаттан
Өзгелердің жаңалығы