Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда әскерге шақырылған екі жігіт әкімдіктің облыстық жиналу пунктінің үшінші қабат терезесінен секіріп кетті. Олардың біреуі қашып үлгерген.
Қазақстанның Қорғаныс министрлігі ақпаратты растап, оқиға 2 мамырда болғанын хабарлады.
Әскерге шақырылушылар 1998 жылы туған Құлниязов Мұхамедкәрім Қайратұлы мен 2001 жылы туған Назымбеков Рүстем Русланұлы жедел әскери қызметке шақырылды. Олардың әскери қызметтен босатудың заңды негіздері болған жоқ. 2021 жылы 2 мамырда Павлодар облысы әкімдігінің аймақтық жиналу пунктінің ғимаратында болып, олар үшінші қабаттан секіріп, сол жерден заңсыз шығып кеткен, – деді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл ретте әскерге шақырылушы Құлниязов жарақат алып, қазіргі уақытта қалалық ауруханада жатыр екен. Ал Рүстем Назымбековті облыстық полиция қызметкерлері іздестіруде. Оның қайда екені әлі анықталған жоқ.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 387-бабы («Қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтару») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы баптың санкциясына сәйкес кінәлілерге 1000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады – 2 917 000 теңге (шамамен 6 800 доллар) не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Айта кетейік, Рүстем Назымбеков – футболшы. 2018 жылы «Ақсу», одан кейін «Екібастұз» клубтарында ойнаған. Сонымен қатар Назымбеков 15 жасында әке атанған.