Қазақстандықтарға бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде 60 млрд-тан астам теңге төленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылдың бірінші тоқсанында 436 мыңнан астам қазақстандық республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алды. Бұл мақсаттарға 60,6 млрд теңге бағытталды.
Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайын республикалық бюджеттен жәрдемақы алатын, жұмыс істемейтін әйелдер саны орташа есеппен 92 879 мың болды, оларға 7,9 млрд теңге төленді.
Осы жәрдемақының мөлшері баланың кезектілігіне байланысты, бүгінгі күні жәрдемақы 5,76 АЕК-тен (2023 жылы – 19 872 теңге) 8,90 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 30 705 теңге) соманы құрайды. МӘСҚ-тан 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы төлемнің орташа мөлшері бүгінде 48 511 мың теңгені құрайды. Бүгінгі таңда бұл төлемді жалпы сомасы 52,7 млрд теңгеге 343 241 мың адам алды, - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайды. Бұл норма балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген.
Жыл соңына дейін бала күтімі бойынша төлемдерді 760 мың ана алады деп жоспарлануда. Бұл мақсаттарға 334,5 млрд теңге қарастырылған.